$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Ресейде бала туғысы келмейтін әйелдерді психологқа күштеп жіберетін болды

Редакция
13 қазан 2026, 10:43
Ресейде бала туғысы келмейтін әйелдерді психологқа күштеп жіберетін болды Сурет авторы: Stock-Asso / Shutterstock / Fotodom

Ресей Федерациясында гинеколог-дәрігерлерге бала сүюді жоспарламаған пациенттерді анықтау міндеттелді. Бұл туралы «Медицинская Россия» Telegram-арнасына сілтеме жасай отырып ақпараттық дереккөздер хабарлайды. РФ Денсаулық сақтау министрлігі өңірлік медициналық ұйымдарға жаңа әдістемелік нұсқаулық жолдаған.

Құжатқа сәйкес, 18 бен 49 жас аралығындағы азаматшалар 61 сұрақтан тұратын арнайы сауалнамадан өтеді. Репродуктивті ниетінің жоқтығын білдірген әйелдер ана болуға қатысты оң көзқарас пен психологиялық дайындықты қалыптастыру мақсатында міндетті түрде психологиялық кеңес алуға бағытталады. Айта кететін жайт, балалы болуды жоспарламаған ер адамдарды мұндай мамандарға бағыттау қарастырылмаған.

Репродуктолог-маман Кирилл Дворцов аталған бастаманың мақсаты түсінікті болғанымен, оны іс жүзінде жүзеге асыру барысында едәуір кәсіби және моральдық қайшылықтар туындайтынын атап өтті.

«Психолог қабылдау кезінде бейтарап ұстанымды сақтап, пациентке өз пікірін таңбауы тиіс. Маман адамды тыңдап, оның өздігінен шешім қабылдауына жағдай жасауы керек. Алайда, мұнда мемлекеттік тапсырма мен мамандардың кәсіби этикасы арасында тікелей конфликт пайда болады. Маманның алдына бала тууды арттыру бойынша нақты міндет қойылған жағдайда, оның бейтарап позицияда қалуы мүмкін емес», - деп атап өтті сарапшы.

Сондай-ақ сарапшы азаматшаларға моральдық-психологиялық қысым көрсету кері нәтижеге әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Атап айтқанда, отбасылық жағдайы тұрақсыз немесе өмірлік серігі жоқ әйелдерге ана болуды таңу тиімсіз. Нәтижесінде пациенттер медициналық тексеру кезінде шынайы ақпаратты жасыруы немесе міндетті психологиялық әңгімелесулерден жалтару үшін гинеколог қабылдауына барудан бас тартуы ықтимал.

Соңғы жаңалықтар