$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35

Қытай көлік экспортын қатаңдатады: бұл Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

Абдрахманов Мағжан
09 қазан 2026, 17:35
Қытай көлік экспортын қатаңдатады: бұл Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Сурет авторы: depositphotos

Қытай 2027 жылдан бастап автомобильдер мен мотоциклдерді экспорттау талаптарын күшейтеді. Жаңа ереже бойынша көлік өндірушілері шетелде қызмет көрсету орталықтары мен қосалқы бөлшектер қоры бар екенін растауға тиіс. Бұл туралы Қытайдың Сауда министрлігі хабарлады.

2027 жылға экспорт лицензиясын рәсімдеу кезінде компаниялар шетелдегі қызмет көрсету орталықтарына қатысты келісімшарттарды, көлікті жөндеуге құқығын растайтын құжаттарды, орталықтардың суреттерін, құрал-жабдық, қосалқы бөлшек пен қызметкерлер туралы мәліметті ұсынуы керек.

Талап компанияның көлеміне қарай өзгереді. Жылына 10 мыңнан астам автомобиль экспорттайтын ірі компаниялардың Қытайдан тыс жерде кемінде 50 қызмет көрсету орталығы болуы қажет. Екінші санаттағы, соның ішінде жылына 2 мыңнан астам көлік экспорттайтын компанияларға кемінде 10 орталық қажет.

Қытай билігі көліктерді басқа санатпен сыртқа шығаруға мүмкіндік берген жолды да жаппақ. Бұған дейін жеңіл автомобильге аздаған өзгеріс енгізіп, оны жұмысқа арналған, патрульдік немесе оқу көлігі ретінде экспорттау мүмкін болған. Енді мұндай көлікті жеңіл автомобиль ретінде шетелге шығару үшін бастапқы үлгіні шығарған зауыттың рұқсаты қажет.

Өндіруші шетелде көлікке жөндеу қызметі көрсетіліп, қосалқы бөлшек жеткізілетініне де жазбаша кепілдік беруге тиіс. Мұндай құжат болмаса, көлікті экспорттауға рұқсат берілмейді.

Қытай биылдан бастап жаңа көлікті «қолданылған» деп шетелге шығаруға қатысты талапты да өзгерткен. Өндірушінің шетелде қызмет көрсететіні туралы растауы болмаса, автомобиль Қытайда кемінде 180 күн есепте тұрғаннан кейін ғана қолданылған көлік ретінде экспорттала алады.

Жаңа талаптардың Қазақстанға да қатысы бар. Орталық Азия Қытай автомобильдері үшін ірі нарықтардың бірі саналады. Берілген статистика бойынша, 2025 жылы Қытайдан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға кемінде 330 мың жеңіл автомобиль жеткізілген.

Соның шамамен 211 мыңы Қытай статистикасында Қазақстанға жөнелтілген көлік ретінде көрсетілген. Алайда олардың бір бөлігі Қазақстан арқылы басқа елдерге қайта шығарылған.

Нарық өкілдері жаңа талаптардың қысқа мерзімде көлік саудасына айтарлықтай әсер ететінін күтпейді. Дегенмен ұзақ мерзімде тәуелсіз экспорттаушылар саны азайып, нарықта ірі экспорттаушылар мен автокөлік өндірушілерінің үлесі артуы мүмкін деген болжам бар.

Сондықтан жаңа ереже Қазақстанда Қытай көліктерінің бірден қымбаттайтынын білдірмейді. Негізгі өзгеріс көлікті кім экспорттай алатынына және оның шетелдегі жөндеу мен қосалқы бөлшекпен қамтылуына қойылатын талаптарға қатысты.

Соңғы жаңалықтар