$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Сауд Арабиясындағы шабуылдар: СІМ қазақстандықтарға үндеу жасады

Абдрахманов Мағжан
13 қазан 2026, 09:16
Сауд Арабиясындағы шабуылдар: СІМ қазақстандықтарға үндеу жасады

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясында жүрген немесе осы елге баруды жоспарлаған азаматтарға қауіпсіздік шараларын күшейтіп, шұғыл емес сапарларды кейінге қалдыруды ұсынды. Бұған елдегі азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдардың жиілеуі себеп болды.

СІМ қазақстандықтарға жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға, аса қажет болмаса әуежайларға бармауға және әуе рейсінің жай-күйін алдын ала әуе компаниясынан анықтауға кеңес берді. Сондай-ақ адам көп жиналатын жерлер мен қауіп төнуі мүмкін нысандардан аулақ болған жөн.

Қазақстан бұған дейін хусит жасақтарының Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылымға жасаған шабуылдарын қатаң айыптаған. СІМ мұндай әрекеттер халықаралық құқық нормаларын бұзатынын мәлімдеп, шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырды. 

10 қазанда Эр-Риядтағы Король Халид халықаралық әуежайына жасалған шабуылдан кейін алғашқы деректе 12 адамның қаза тапқаны хабарланды. Кейін құрбандар саны 13 адамға жетіп, 300-ден астам адамның жараланғаны белгілі болды. Хуситтер шабуылды өз мойнына алды. 

Шабуылдар әуе қатынасына да әсер етті. Эр-Рияд әуежайының жұмысы тоқтатылып, бірқатар халықаралық әуе компаниясы Сауд Арабиясына рейстерін уақытша тоқтатты немесе кейінге шегерді. 

Төтенше жағдай туындаған жағдайда Қазақстан азаматтары Эр-Риядтағы елшілікке немесе Джиддадағы Бас консулдыққа хабарласа алады.

Соңғы жаңалықтар