$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Әзербайжанда мектептегі хиджаб дауы ушығып, 37 адам ұсталды

Абдрахманов Мағжан
13 қазан 2026, 10:40
Әзербайжанда мектептегі хиджаб дауы ушығып, 37 адам ұсталды Сурет авторы: Getty Images

Әзербайжанда мектеп формасына қойылған жаңа талаптарға байланысты наразылық күшейіп, 37 адам ұсталды. Елдің Ішкі істер министрлігі оларға қоғамдық тәртіпті бұзуға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Дау Әзербайжан үкіметінің 21 қыркүйекте мектеп формасына қатысты ережеге өзгеріс енгізуінен кейін басталған. Жаңа талап бойынша мектеп формасының бірыңғай үлгісін бұзатын және зайырлы білім беру қағидатына қайшы келетін қосымша киім бөлшектеріне рұқсат етілмейді. Қаулыда хиджаб жеке аталмаған. Алайда қазан айының басынан бері бірқатар мектепте орамал таққан оқушылардың сабаққа кіргізілмегені, ал мұғалімдерден басындағы орамалын шешу талап етілгені хабарланды.

Бұған наразы ата-аналар мен оқушылар қарсылық білдіре бастаған. Кей отбасылар балаларын сабаққа жібермей қойған. 9 қазанда Баку қаласының білім басқармасы оқушылар мен мұғалімдердің киім талабын сақтауын тексеретінін мәлімдеген.

12 қазанда Әзербайжан Ішкі істер министрлігі 37 адамның ұсталғанын хабарлады. Оларға Қылмыстық кодекстің қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерді ұйымдастыру немесе оған белсенді қатысу туралы 233-бабы бойынша іс қозғалған. Министрлік ұсталғандарды білім беру мекемелеріне зиян келтіру, білім қызметкерлерімен жанжал шығару, мектептер мен көлік қозғалысына кедергі келтіруге әрекеттенді деп айыптап отыр.

Сонымен қатар кейбір наразылықтың соңы күш қолдануға ұласқаны туралы ақпарат тарады. Алайда Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде әр ұсталған адамның нақты қандай әрекетке қатысқаны егжей-тегжейлі көрсетілмеген.

Әзербайжан Конституциясында мемлекет зайырлы деп белгіленген және мемлекеттік білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітілген. Ал жаңа талапқа қарсы шыққандар оны діни сенім бостандығы мен баланың білім алу құқығына қайшы деп есептейді.

Әзербайжанда мектепте хиджаб тағуға қатысты дау бұған дейін де болған. 2010–2011 жылдары мектептердегі діни киімге қойылған шектеулерге қарсы ірі наразылықтар өткен.

Соңғы жаңалықтар