$ 451.31 € 504.56 ₽ 5.36

Бельгия Қазақстанға ірі делегациямен келді: Тоқаев пен Король Филипп не талқылады?

Абдрахманов Мағжан
12 қазан 2026, 15:40
Бельгия Қазақстанға ірі делегациямен келді: Тоқаев пен Король Филипп не талқылады? Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильдамен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Бельгияның көлік-логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын қуат көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларындағы ықпалдастығын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін айтты.

Тоқаевтың сөзінше, Бельгия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарына кіреді әрі ел экономикасына қаржы құйған он ірі инвестордың бірі саналады. Келесі жылы Қазақстан мен Бельгия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады.

Президент сапар аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға күш салатынын айтты. Сондай-ақ ертең Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы өтетінін хабарлады.

Король Филипп Қазақстанға университет ректорлары мен компания өкілдері кіретін үлкен делегация келгенін айтты. Сапар барысында жасанды интеллект, энергетика және атом энергиясы салаларына қатысты мәселелерге назар аударылмақ.

Келіссөз соңында тараптар көтерілген бастамаларды іс жүзінде жүзеге асырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар