$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Такси бағасын кім белгілейді және сұраныс артқанда жолақы неге қымбаттайды?

Абдрахманов Мағжан
13 қазан 2026, 11:13
Такси бағасын кім белгілейді және сұраныс артқанда жолақы неге қымбаттайды? Сурет авторы: Westend61/Getty Images

11 қазанда Yandex Go жұмысында ақау болғаннан кейін басқа такси қызметтеріне сұраныс күрт артты. БАҚ мәліметінше, сол кезде inDrive-та кейбір сапардың бағасы үш есеге жуық өскен. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұдан кейін inDrive-қа ескерту жасады. Такси жолақысы неге бірнеше минуттың ішінде күрт өзгеруі мүмкін және оның бағасын кім белгілейді?

Yandex Go-да бағаны кім белгілейді?

Yandex Go-да сапардың құнын алгоритм есептейді. Оған бастапқы тарифпен бірге сол сәттегі сұраныс пен бос көліктердің саны, сапардың ұзақтығы, жолдағы жағдай және басқа да көрсеткіштер ықпал етеді. Сұраныс күрт өсіп, жақын маңда бос жүргізуші азайса, қосымша коэффициент қосылып, жолақы қымбаттайды.

Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұған дейін Yandex-тің баға есептеу жүйесіне арнайы тексеру жүргізген. Агенттік базалық және өзгермелі баға құрамын, сондай-ақ әуежай мен қала шетіндегі баға ерекшеліктерін зерттеген.

Тексеру қорытындысымен Yandex-ке бірқатар талап қойылған. Соның бірі — сұраныс шегіне жеткен кезде жолақының базалық бағадан үш еседен артық өсуін шектеу. Мұндай аса қымбат сапарлар әр қаладағы барлық сапардың тоқсандық көлемінің 5 пайызынан аспауға тиіс. Компания базалық жолақыны көтеретін болса, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне үш күн бұрын хабарлауы керек.

Компанияға сұраныс күрт артатын уақытты алдын ала болжауды жақсартып, қажетті аудандарға жүргізушілерді ертерек тарту ұсынылған. Мақсат – қарбалас уақытта бағаның күрт құбылуын азайту.

Ал inDrive-та бағаны кім қояды?

inDrive-тың үлгісі өзгеше. Мұнда жолаушы сапар бағасын өзі ұсына алады. Жүргізуші сол бағаға келіседі немесе басқа соманы ұсынады. Компанияның түсіндіруінше, қосымшадағы ұсынылатын баға бағдар ретінде көрсетіледі, ал соңғы таңдауды жолаушы мен жүргізуші жасайды.

Сондықтан бос көлік азайып, жолаушылар көбейген кезде нарықтағы тепе-теңдік өзгереді. Мысалы, қалыпты жағдайда 2 мың теңгеге баруға келісетін жүргізуші табылса, сұраныс бірнеше есе артқан сәтте бұл ұсынысты қабылдайтын жүргізуші болмауы мүмкін. Жолаушы бағаны көтеруге немесе жүргізушінің жоғары ұсынысына келісуге мәжбүр болады.

11 қазандағы жағдай осы тетіктің әлсіз тұсын көрсетті: Yandex Go-дағы ақаудан кейін жолаушылардың бір бөлігі басқа қызметтерге ауысып, қысқа уақытта сұраныс артқан. Ал бос көлік саны соған сай бірден көбеймеген.

Мемлекет такси бағасын белгілей ала ма?

Такси сапарының әрқайсысына мемлекет бірыңғай баға қоймайды. Алайда бұл компаниялар бағаны қалағанынша өсіре алады деген сөз емес.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықтағы бәсекеге, компаниялардың әрекетіне және бағаның қалай қалыптасатынына бақылау жасай алады. Заң бұзу қаупі байқалса, алдын ала ескерту жасап, ал заң бұзушылық белгілері анықталса, тиісті шара қолдана алады. Агенттік такси нарығындағы баға қалыптасуын бұған дейін де бірнеше рет зерттеген.

13 қазанда inDrive-қа жасалған ескерту де осындай алдын алу шарасы. 

Такси неге жаңбырда, қарбалас уақытта немесе мерекеде қымбаттайды?

Негізгі себеп – белгілі бір жерде бір мезетте такси іздеген адамдар саны мен бос көліктер санының сәйкес келмеуі. Мәселен, жаңбыр басталғанда, концерт аяқталғанда, әуежайға бірнеше рейс қатар келгенде немесе ірі такси қызметінде ақау болғанда мыңдаған адам бір мезетте көлік іздеуі мүмкін.

Yandex секілді қызметте мұндай өзгеріске алгоритм бағаны көтеру арқылы жауап береді. inDrive-та баға жолаушы мен жүргізушінің ұсыныстары арқылы жоғарылауы мүмкін. Яғни екі қызметтегі тетік бөлек болғанымен, сұраныс көп, ал бос көлік аз болған кезде екеуінде де сапар қымбаттауы ықтимал.

Соңғы жаңалықтар