$ 448.94 € 502.05 ₽ 5.26

Қазақстан Халық Кеңесі 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарын талқылады

Редакция
08 қазан 2026, 23:01
Қазақстан Халық Кеңесі 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарын талқылады Сурет авторы: Ж.Жумабеков

Бүгін Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің алғашқы отырысы өтті. Комитет төрағасы Вера Кимнің жетекшілігімен өткен жиында қатысушылар Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.

Отырыс барысында Комитеттің болашақ жұмыс форматы сараланып, негізгі қоғамдық мәселелерді шешуге және бастамаларды толыққанды пысықтауға арналған үш салалық комиссия құрылды. Вера Кимнің атап өтуінше, құрылымның басты мақсаты — Кеңес мүшелерінің сараптамалық әлеуетін біріктіру арқылы өзекті түйткілдерді талқылау және нақты ұсынымдар дайындау.


Жиналыста құрылған комиссиялардың негізгі бағыттары таныстырылды:

  •  Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі комиссия: Жеке жетекші Мұрат Әбеновтің айтуынша, басты назар қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығына, педагогтар тапшылығына және оқу бағдарламаларының еңбек нарығына сәйкес келмеуіне аударылады. Мәселелерді шешу үшін сарапшылар, жұмыс берушілер мен IT-сектор өкілдері тартылып, заңнамалық бастамалар дайындалмақ.
  •  Әлеуметтік саясат мәселелері жөніндегі комиссия: Комиссия жетекшісі Ләззат Қалтаева денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, тең мүмкіндіктер мен ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету басты басымдық екенін жеткізді. Жұмыс халықпен тығыз кері байланыс жасау және өңірлердің тәжірибесін зерделеу арқылы жүзеге асады.
  •  Азаматтық қатысу және волонтерлік мәселелері жөніндегі комиссия: Комиссия төрайымы Алтынай Көбеева азаматтық белсенділікті арттыру, «ҮЕҰ – мемлекет – бизнес» диалогын нығайту және белсенді азаматтарға арналған «Қоғамдық қатысу мектебін» ашу жоспарланғанын хабарлады.

Сонымен қатар отырыста Комитеттің 2026–2027 жылдарға арналған кешенді жұмыс жоспары мақұлданды. Құжат аясында сараптамалық талқылаулар, көшпелі жиындар өткізу және мемлекеттік органдармен тығыз әрекеттесу көзделген. Жиын қорытындысында Кеңес мүшесі Бағдат Мусин «Таза Қазақстан» жобасы үшін арнайы цифрлық экожүйе әзірлеуді ұсынды. Қоғам тарапынан түскен барлық ұсыныстар комиссиялар мен жұмыс топтарында кәсіби сүзгіден өтіп, нақты шешімдерге айналмақ.

Соңғы жаңалықтар