$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35

Қазақстанның робототехника құрамасы FIRST Global Challenge 2026 халықаралық чемпионатында үздік төрттікке енді

Редакция
09 қазан 2026, 15:09
Қазақстанның робототехника құрамасы FIRST Global Challenge 2026 халықаралық чемпионатында үздік төрттікке енді Сурет авторы: gov.kz

Қазақстанның спорттық робототехника бойынша ұлттық құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өтіп жатқан FIRST Global Challenge 2026 халықаралық чемпионатында жеңіс үшін күресін жалғастыруда, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі. Әлемнің 185 елінен келген командалар арасында қазақстандық жас инженерлер қазіргі уақытта 4-орында келеді. Финалдық кезеңнің аяқталуына бір күн қалғандықтан, жүлделі орындар мен чемпиондық титул үшін тартыс жоғары деңгейде өтуде. Еліміздің намысын Алматы қаласындағы Ганди атындағы №92 мектеп-лицейі мен Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның 9-10 сынып оқушылары – Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали, Арнұр Абдулла және Ерасыл Ендібай қорғауда. Құраманы Асылбек Мурзахметов, Нұрдаулет Досмағамбет, Нұрсұлтан Ергеш және Дарманбек Наурызбаев сынды тәжірибелі жаттықтырушылар дайындады.

7–10 қазан аралығында өтіп жатқан чемпионаттың негізгі тақырыбы орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіруге бағытталған. Қатысушылар арнайы инженерлік тапсырмаларды орындайтын роботтарды жобалап, құрастырып, бағдарламалаумен қатар, стратегиялық ойлау және халықаралық командалармен тығыз әріптестік орнату дағдыларын көрсетуде. Мұның алдында FIRST Global Challenge жарысының төрт дүркін чемпионы атанған Қазақстан құрамасы өздерінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл жетістіктердің артында жас өрендер мен тәлімгерлердің үлкен еңбегі жатқанын атап өтіп, келесі жылы аталған халықаралық турнирді Қазақстанда өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.

Ұлттық құрама «USTEM Foundation» қоғамдық қоры мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған іріктеу арқылы жасақталды. Жобаға ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Astana Hub инновациялық кластері және OMODA & JAECOO бренді қолдау білдірді. Қазіргі уақытта жас робототехникашыларымыз шешуші кезеңде жоғары нәтиже көрсетіп, елімізді кезекті рет чемпиондық деңгейге жеткізу үшін күресті жалғастыруда.

Соңғы жаңалықтар