$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

17 жылға бас бостандығынан айырылды : Астанада Telegram арқылы есірткі сатқандар сотталды

Редакция
13 қазан 2026, 16:54
17 жылға бас бостандығынан айырылды : Астанада Telegram арқылы есірткі сатқандар сотталды Сурет авторы: inform.kz

Астана қаласының соты Telegram арқылы есірткі сатумен айналысты деген айып тағылған бес адамға үкім шығарды. Іс материалдарына сәйкес, қылмыстық топтың ұйымдастырушысы деп танылған азамат 17 жылға, ал қалған төрт қатысушы 16 жылдан бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, ұйым Астана мен еліміздің өзге өңірлерінде әрекет еткен. Осы уақыт ішінде шамамен 2 мың есірткі сатылған , ал заңсыз саудадан 90 миллион теңгеден астам табыс түскен.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұйымдастырушы есірткінің жеткізілуі мен қаржы айналымын басқарған. Топ мүшелерінің бірі интернет-дүкеннің жұмысын жүргізіп, оны жарнамалаған. Тағы екі адам есірткіні бөлшектеп орап, жасырын орындарға қалдырса, бесінші қатысушы бөлшек саудамен айналысып, жаңа курьерлерді тартқан.

Күдіктілер 2025 жылдың жазында ұсталған. Тінту барысында полиция 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын, электронды таразыларды, қаптама материалдарын, банк карталары мен қолма-қол ақшаны тәркілеген. Ішкі істер министрлігі үкімнің заңды күшіне енген-енбегенін нақтыламады.

 

Ислам Баман

Соңғы жаңалықтар