$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді

Абдрахманов Мағжан
13 қазан 2026, 17:17
Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді Сурет авторы: gov.kz

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді. Сайлау күнін Орталық сайлау комиссиясы отырысында белгіледі.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған. Құжатта Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс сайлауды тағайындап, оны әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру тапсырылған еді.

Мәслихаттардың қазіргі құрамын жаңарту мәселесі қыркүйекте көтерілген. 24 қыркүйекте Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының басым бөлігі Amanat партиясынан сайланғанын, ал партия «Әділетке» қосылуына байланысты қызметін тоқтатқанын айтқан. Осыған орай депутаттар құрамының заңды өкілеттігіне қатысты мәселе туындайтынын мәлімдеген.

12 қазанда Тоқаев мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша Премьер-министр және Құрылтай төрағасымен кеңес өткізді. Сол күні барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.

Орталық сайлау комиссиясы бұған дейін бірқатар өңірдегі мәслихат депутаттарының санын қайта қарап, жаңа құрам санын 2 қазандағы қаулысымен бекіткен.

Соңғы жаңалықтар