$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі тағы да көтерілді

Редакция
13 қазан 2026, 14:54
Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі тағы да көтерілді Сурет авторы: sadaq.kz

Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын азайту туралы ұсыныс тағы да талқылана бастады. Бастаманы «Қазақстан әйелдері қозғалысының» мүшелері көтеріп, оны Мәжіліс депутаты Мейраш Шынасыловаға жеткізген. Бұл туралы “Ақ жол” партиясы хабарлады.

Кездесу қыркүйек айында өтіп, бастама аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қамтамасыз ету және сақтандыру департаментінің директоры Данара Қайролламен арнайы талқылау ұйымдастырылды. Министрлік мәліметінше, зейнетақы төлемінің мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарының көлеміне тәуелді. Сондай-ақ бала тәрбиесіне немесе күтімді қажет ететін адамдарға қарауға жұмсалған уақыт еңбек өтіліне енгізіледі.

«Ақ жол» партиясы аталған мәселе бойынша жұмыс жалғасатынын мәлімдеді. Партия өкілдерінің айтуынша, шешім қабылдау кезінде әйелдердің ұсыныстары, қолданыстағы заң талаптары және ықтимал әлеуметтік әсерлер ескеріледі.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, әйелдердің зейнет жасы 2024 жылдан бері 61 жас болып белгіленген. Ал 2028 жылдан бастап ол кезең-кезеңімен ұлғайтылып, 2031 жылы 63 жасқа дейін жетеді.

 

Ислам Баман

Соңғы жаңалықтар