$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35

«TikTok-менталитеттен» арылудың жолы: Тоқаев жастардың мінез-құлқын өзгертетін бастама ұсынды

Редакция
09 қазан 2026, 16:32
«TikTok-менталитеттен» арылудың жолы: Тоқаев жастардың мінез-құлқын өзгертетін бастама ұсынды Сурет авторы: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде қазіргі «интернет-диктатурасы» салдарынан қалыптасқан «TikTok-менталитет» пен сәйкес мінез-құлыққа қарсы күресу үшін жастар арасында кітап оқу мәдениетін қолдауға шақырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, кітап оқу – сапалы білімнің, салауатты пайым мен тұлғалық үйлесімді дамудың басты негізі болып табылады. Осыған байланысты ол Достық ұйымына мүше елдер халқының ең таңдаулы әдеби шығармаларын біріктіретін «ТМД-ның Алтын кітапхана қорын» құруды ұсынды. Жоба аясында шығармаларды кәсіби деңгейде аудару және баршаға қолжетімді цифрлық кітапхана жасақтау көзделген.

Мемлекет басшысы бұл қорды Астана қаласында құрылысы 2027 жылдың ортасында аяқталатын жаңа Президенттік кітапхана базасында орналастыруды ұсынды. Қазақстанда «Ұлттық кітап күні» бекітіліп, «100 оқылатын кітап» жобасы сәтті іске асырылып жатқанын тілге тиек еткен Тоқаев бұл бастаманы ТМД деңгейінде өрістетудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен бірге Президент Достық елдері арасындағы білім беру, ғылыми және адами байланыстарды нығайтудағы орыс тілінің рөлін жоғары бағалап, Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметіне қолдау білдірді. Алайда Мемлекет басшысы мұнымен қатар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тілдік әрі мәдени әртүрлілігіне ұқыпты қарап, әр халықтың тарихы, дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу қажеттігін ерекше атап өтті.

Соңғы жаңалықтар