$ 451.31 € 504.56 ₽ 5.36

Трамп Ресей мен Украина энергетика нысандарына соққы жасауды тоқтататынын мәлімдеді

Абдрахманов Мағжан
12 қазан 2026, 10:45
Трамп Ресей мен Украина энергетика нысандарына соққы жасауды тоқтататынын мәлімдеді Сурет авторы: Kevin Dietsch/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасамау жөніндегі бітімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Алайда Ресей тарапы әзірге мұндай келісімді ресми түрде растаған жоқ. Бұл жөнінде Reuters хабарлады.

Трамптың мәлімдемесінен кейін Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің мұндай бастаманы қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, Украина Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасамауға дайын, бірақ Мәскеуден де дәл сондай қадам күтеді.

«Бүгін АҚШ президенті энергетикалық бітімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Бұл – бәріміз үшін жақсы жаңалық. Ең бастысы, оның іс жүзінде орындалуы», – деді Зеленский.

Украина президенті Трамптың мәлімдемесінен кейін де Ресейдің Украинадағы энергетикалық нысандарға шабуылы жалғасқанын айтты. Оның мәліметінше, Киевтегі электр станциясына және Харьков облысындағы энергетикалық нысандарға соққы жасалған.

Reuters мәліметінше, Трамптың мәлімдемесі кезінде Мәскеу де, Киев те энергетикалық бітім жасалғанын растаған жоқ. Зеленский АҚШ тарапынан қосымша мәлімет күтетінін айтқан.

Бұған дейін Украина Ресей өз энергетикалық нысандарына шабуылды тоқтатқан жағдайда, Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттары мен өзге де энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасамауға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар