$ 451.31 € 504.56 ₽ 5.36

Yandex-тегі ақау Қазақстанға неге әсер етті? Министрлік түсіндірді

Абдрахманов Мағжан
12 қазан 2026, 09:26
Yandex-тегі ақау Қазақстанға неге әсер етті? Министрлік түсіндірді Сурет авторы: shutterstock

Yandex қызметіндегі ақаудың Қазақстандағы такси мен жеткізу қызметтеріне әсер етуіне компанияның кейбір жүйелері шетелде орналасқаны себеп болған. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған Yandex серверлері Қазақстан аумағында орналасқан және қалыпты жұмыс істеп тұр.

«Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және қалыпты жұмыс істеп тұр. Алайда бұл бүкіл платформаның дербес жұмыс істейтінін білдірмейді. Такси және жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті кейбір құрамдас бөліктер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан», – делінген министрлік хабарламасында.

Яғни дербес деректер Қазақстанда сақталғанымен, Yandex қызметінің бүкіл жүйесі ел аумағында орналаспаған. Такси шақыру мен жеткізуге қажет кейбір жүйе шетелдегі инфрақұрылымға тәуелді.

Қазір Yandex қызметтерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік компаниямен және Қазақстандағы инфрақұрылым ұйымдарымен бірлесіп, қажетті қолдау көрсету жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар министрлік басқа такси және жеткізу платформаларымен бірге жүктеме артқан жағдайда олардың жұмысын тұрақты ұстау мәселесін пысықтап жатыр.

Ведомство дербес деректерді Қазақстан аумағында сақтау мен цифрлық платформалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету екі бөлек мәселе екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар