$ 451.31 € 504.56 ₽ 5.36

Концерттегі дүрбелең, Яндекстегі ақау, Трамп мәлімдемесі: Апта соңы не болды?

Абдрахманов Мағжан
12 қазан 2026, 08:56
Концерттегі дүрбелең, Яндекстегі ақау, Трамп мәлімдемесі: Апта соңы не болды? Сурет авторы: Qrnews коллажы/ ЖИ

Апта соңында Қазақстанда МӘМС қаржысына қатысты жаңа дерек жарияланып, Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінен кейін қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс саласында жаңа тағайындау болды, Бельгия королі мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. Yandex қызметінде ақау шықты. Ал халықаралық күн тәртібінде хуситтердің шабуылы мен Дональд Трамп жариялаған «энергетикалық бітім» назар аудартты.

МӘМС жүйесінде 234 млрд теңге шығынының алдын алған

Қаржы министрлігінің мәліметінше, тоғыз айдағы бақылау нәтижесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 234 млрд теңге көлеміндегі қаржы шығынына жол берілмеген. Бұдан бөлек, қылмыстық істер аясында медициналық қызмет көрсетушілерге заңсыз төленген 79 млрд теңгеден астам қаражатты қайтару жұмысы жүріп жатыр.

Қайрат Нұртастың концертінен кейін қылмыстық іс қозғалды

10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті кезінде адамдар арасында дүрбелең болды. Сегіз адам медициналық көмекке жүгінді. Полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Концертті ұйымдастырушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Арнайы операциялар күштерінің жаңа қолбасшысы тағайындалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Саят Исанов Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Бұған дейін ол осы құрылым қолбасшысының орынбасары болған. Ал бұрынғы қолбасшы Айдос Мырзахметов қыркүйектің соңында Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалған еді.

Бельгия королі мен патшайымы Қазақстанға келді

11 қазанда Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильда мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Оларды әуежайдан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Бельгия монархтары Қазақстанға 11–14 қазан аралығында мемлекеттік сапармен келіп отыр. Бұл — Бельгия монархтарының Орталық Азияға алғашқы мемлекеттік сапары. 

Сапар барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланып, бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің отырысы мен екі елдің жоғары оқу орындары ректорларының форумы өтеді. 

Yandex қызметіндегі ақау шықты

11 қазанда Yandex қызметтерінің жұмысында ақау болып, Қазақстандағы кей пайдаланушылар такси шақыру және басқа қызметтерді пайдалана алмады.

Осыдан кейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазақстандықтардың дербес деректері сақталатын Yandex серверлері Қазақстан аумағында орналасқанын және қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Ведомство Yandex қызметіндегі іркілістер цифрлық платформалардың тұрақтылығына қатысты орынды сұрақтар туғызғанын атап өтті. 

Қазақстан СІМ хуситтердің шабуылын айыптады

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хуситтердің шабуылына байланысты мәлімдеме жасап, мұндай әрекеттерді айыптады. Қазақстан тарапы өңірдегі жағдайдың одан әрі шиеленісуіне жол бермеуге және даулы мәселелерді саяси-дипломатиялық жолмен шешуге шақырды.

Трамп Ресей мен Украина энергетикалық бітімге келгенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп 11 қазанда Ресей мен Украина энергетикалық нысандарға өзара соққы жасамауға келіскенін және «энергетикалық бітім» дереу күшіне енетінін мәлімдеді. Алайда ол келісімнің нақты шарттарын жарияламады. 

Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың мәлімдемесінен кейін Киев мұндай бастаманы қолдауға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, Украина Ресейдің энергетикалық нысандарына соққы жасамауға дайын, бірақ Мәскеуден де дәл сондай қадам күтеді. Зеленский АҚШ тарапынан келісімнің егжей-тегжейін күтіп отырғанын жеткізді. 

Ал Ресей билігі Трамп жариялаған «энергетикалық бітімді» әзірге ресми растаған жоқ. Сондықтан қазіргі жағдайда екі ел арасында бітім нақты күшіне енді деп айтуға ерте. Reuters мәліметінше, Трамптың мәлімдемесінен кейін де Украина Ресейдің энергетикалық нысандарға шабуылы жалғасқанын хабарлаған.

Соңғы жаңалықтар