$ 451.31 € 504.56 ₽ 5.36

Ерлан Саировтың бастамасы қолдау тапты: Оқушылар енді қалай сәлемдесуі тиіс?

Редакция
12 қазан 2026, 12:26
Ерлан Саировтың бастамасы қолдау тапты: Оқушылар енді қалай сәлемдесуі тиіс? Сурет авторы: Изображение сгенерировано нейросетью

Қазақстан мектептерінде оқушылардың амандасу мәдениетіне қатысты түбегейлі жаңа өзгерістер енгізілуі мүмкін. Білім беру мекемелерінде оқушылардың бір-бірімен және үлкендермен сәлемдесуі бойынша арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.

Бұл бастаманы Құрылтай өкілі, депутат Ерлан Саиров көтеріп, сәлемдесу әдебін мектептердегі тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналдыруды ұсынған болатын. Оқу-ағарту министрлігі бұл ұсынысты қолдап, іске кірісті.

Қазіргі уақытта жаңа құжатты дайындауға Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, сарапшылары мен азаматтық қоғам өкілдері тартылған. Олар амандасу әдебін қазақтың ұлттық дәстүрлері мен заманауи этика нормаларына негіздей отырып әзірлемек.

«Сәлемдесу этикетін қалыптастыру – ұлттық мәдениетті дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және оқушылар арасындағы өзара сыйластықты нығайту тұрғысынан өте өзекті», – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Әзірленіп жатқан құжат білім беру процесіне қатысушылардың, мемлекеттік органдардың ұсыныстарымен толықтырылып, кейін депутаттардың талқылауына ұсынылады.

Айта кетейік, бүгінде бұл бағыттағы тәрбиелік жұмыстар еліміздегі 20 877 білім беру ұйымында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар