$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Каспий жағалауынан тағы 15 итбалықтың өлексесі табылды

Абдрахманов Мағжан
13 қазан 2026, 14:06
Каспий жағалауынан тағы 15 итбалықтың өлексесі табылды Сурет авторы: Ақтау тұрғыны түсірген фото/ Lada.kz

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан 15 итбалықтың өлексесі табылды. Жануарлардың неден қырылғаны әзірге белгісіз, деп хабарлады 13 қазанда Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ведомство мәліметінше, 12 қазанда «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары Түпқараған ауданындағы Баутино ауылының батысындағы жағалауды бақылау кезінде өлі итбалықтарды анықтаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Экология департаментінің мамандары теңіз суы мен топырақтан сынама алды. Зерттеу нәтижесі шыққаннан кейін жануарлардың қырылу себебі анықталмақ. Жағалауды санитарлық талаптарға сай тазарту да жоспарланып отыр.

Министрлік көктем мен күзде солтүстік-батыс және батыстан соққан дауылды жел бұрын өлген итбалықтардың өлексесін Қазақстан жағалауына шығарып тастауы мүмкін екенін де атап өтті.

Каспий жағалауынан өлі итбалықтар бұған дейін де бірнеше рет табылған. 2024 жылы жағалаудан екі мыңға жуық итбалық өлексесі анықталған. Ал 2026 жылғы шілдеде Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сәрсембаев жануарлардың бұған дейінгі жаппай қырылуының алдын ала себебі ретінде жерасты дүмпулері кезінде бөлінген газдан тұншығуды атаған.

Қазіргі табылған 15 итбалықтың өліміне не себеп болғаны әзірге анықталған жоқ.

Соңғы жаңалықтар