$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35

Ресейдің сұрауымен Астанада ұсталған Украина азаматы босатылды

Абдрахманов Мағжан
09 қазан 2026, 12:13
Ресейдің сұрауымен Астанада ұсталған Украина азаматы босатылды Сурет авторы: Insider

Ресейдің сұрауы бойынша Астанада ұсталған Украина азаматы Любовь Рожанская босатылып, Қазақстаннан шығып кетті. Қазір ол Еуропа Одағына мүше елдердің бірінде жүр. Бұл туралы оның адвокаты Алексей Прянишников DW басылымына хабарлады.

Рожанская 1 қазанда Стамбұлдан Астанаға ұшып келген кезде әуежайда ұсталған. Ресей оны баланы ұрлауға қатысты қылмыстық іс бойынша іздеген және Қазақстаннан экстрадициялауды сұраған.

Қазақстанда адам ұсталғаннан кейін үш тәулік ішінде сот оған қатысты бұлтартпау шарасын белгілеуге тиіс болған. Алайда Рожанскаяға қатысты мұндай шешім қабылданбаған. Осыдан кейін ол 4 қазанда тергеу изоляторынан босатылған. Кейін Қазақстаннан шығып кеткен.

Рожанская Астанаға немересін алып, Украинаға қайтару үшін келген. Бала 2021 жылы анасымен бірге Ресейдің Калининград облысына кеткен. 2025 жылы Украина Жоғарғы соты баланың тұрғылықты жері Одессада, әкесінің қасында болуы керек деген шешім шығарған.

Ресей тарапы Рожанскаяны баланы ұрлауға әрекеттенді деген күдікпен іздеген. Оның адвокаттарының айтуынша, әйел өзіне қатысты Ресейде қылмыстық іс қозғалғанын Қазақстанға келгенге дейін білмеген.

Рожанскаяны Ресейге бермеуді Украина билігі талап еткен. Украина Сыртқы істер министрлігі мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл Дмитрий Лубинец Қазақстан тарапына тиісті өтініш жасаған.

DW мәліметінше, Рожанская босатылғанымен, Ресейдің оны экстрадициялау туралы Қазақстанға жолдаған сұрауы кері қайтарылмаған.

Соңғы жаңалықтар