$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Yandex-тегі ақау кезінде такси бағасы үш есеге жуық өскен: InDrive-қа ескерту жасалды

Абдрахманов Мағжан
13 қазан 2026, 09:47
Yandex-тегі ақау кезінде такси бағасы үш есеге жуық өскен: InDrive-қа ескерту жасалды Сурет авторы: Ulysmedia коллажы

Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі InDrive-қа бәсекелестік туралы заң талаптарын бұзуға және тұтынушылардың құқығына нұқсан келтіруге жол бермеу жөнінде ескерту жасады. Бұған Yandex Go жұмысындағы ақау кезінде такси бағасының күрт өсуіне қатысты шағымдар себеп болған.

11 қазанда Yandex Go қызметінде ақау болғаннан кейін InDrive-қа сұраныс күрт артқан. Бос көлік жетіспеген тұста БАҚ мәліметінше, кейбір бағыттағы жолақы үш есеге жуық қымбаттаған.

Бағаны тұрақтандыру үшін InDrive жүргізушілерден алынатын комиссияны ең төменгі деңгейге түсіріп, оларға ең жоғары бағаны белгілемеуге үндеген.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі такси нарығында қызмет көрсетушілер саны аз болғандықтан, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және қызметтің халыққа қолайлы болуын қамтамасыз ету қажет екенін мәлімдеді.

Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабы бойынша мұндай ескерту алдын алу шарасы саналады. Яғни бұл InDrive заң бұзды деген түпкілікті шешім емес. Ескерту ықтимал заң бұзушылықтың алдын алуға және тұтынушылардың мүддесін қорғауға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар