$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52

Жарты жыл оқу, жарты жыл қызмет: Қазақстандық сарбаздар жаңа жүйемен әскерге барады

Абдрахманов Мағжан
22 қазан 2026, 09:23
Жарты жыл оқу, жарты жыл қызмет: Қазақстандық сарбаздар жаңа жүйемен әскерге барады Сурет авторы: Ақорда

Қазақстанда мерзімді әскери қызметтің жаңа үлгісіне көшу жоспарланып отыр. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтіп, кейінгі алты айын әскери бөлімдерде өткізеді. Бұл өзгеріс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған Әскери реформа жоспарына енгізілген, деп хабарлады Ақорда.

Жаңа үлгі бойынша алғашқы алты ай сарбазды даярлауға арналмақ. Ал екінші кезеңде әскери қызметші бөлім құрамында міндет атқарып, жауынгерлік даярлыққа басымдық береді.

Әскери реформа мұнымен шектелмейді. Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, әскерді басқару және қорғанысты жоспарлау тәртібін жетілдіру көзделген. Сонымен бірге Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру жоспарланып отыр.

Президент қысқа мерзім ішінде заманауи, ұтқыр және технологиялық тұрғыдан озық армия құру қажет екенін айтты.

– Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарбаздардың құқығын қорғайтын жаңа институттар құрылады

Реформаның тағы бір бағыты әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға арналған. Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ жарғыға қайшы әрекеттерге жол бермеу және әскери тәртіпті күшейту шаралары қолға алынбақ. Президент әскери қызмет қауіпсіздігіне және әскерге басшылық ету мәдениетіне ерекше мән беруді тапсырды.

Бұдан бөлек, «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесі дамытылады. Мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейтіп, бастапқы әскери даярлықты жетілдіру көзделген.

Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгермек

Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясы қабылданбақ. Әскердегі тәрбие жұмысы да жаңартылады. Бұл шаралар әскери тәртіпті күшейтіп, қоғамның армияға деген сенімін арттыруға бағытталған.

Тоқаевтың айтуынша, армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс.

– Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес, – деді Президент.

Жоспардағы ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер 2027 жылы жүзеге асырылмақ.

Президент Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеріп жатқан комиссия жұмысын да жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындысында Әскери реформа жоспары мақұлданды. Оны жүзеге асыруды үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.

Соңғы жаңалықтар