$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48

Желдей жылдам, темірдей төзімділердің айқасы: Алматыда «D’Giro Almaty 2026» өтті

Редакция
20 қазан 2026, 09:36
Желдей жылдам, темірдей төзімділердің айқасы: Алматыда «D’Giro Almaty 2026» өтті

Алматы қаласы Спорт басқармасының хабарлауынша, 17-18 қазан күндері мегаполисте «D’Giro Almaty 2026» бұқаралық веложарысы ұйымдастырылды. Игі шараның негізгі мақсаты – қалада бұқаралық велоспортты өркендету, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және азаматтардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

Екі күнге созылған спорттық турнир екі негізгі кезеңнен құралып, қатысушылар жалпы ұзындығы 60 шақырымды құрайтын күрделі бағытты басып өтті:

  • Бірінші кезең (17 қазан): Жарыстың алғашқы күні спортшылар мегаполис көшелерімен 50 шақырым қашықтықты бағындырды. Қалалық бағыт 10 шақырымнан тұратын 5 айналым бойынша ұйымдастырылды.

  • Екінші кезең (18 қазан): Турнирдің қорытынды күні қатысушылар «Royal Tulip» қонақ үйінен «Медеу» биік таулы спорт кешеніне дейінгі 10 шақырымдық таулы өрлеу бағытын еңсерді.

Регламентке сәйкес, спорттық додаға 18 жасқа толған және Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) техникалық стандарттарына толық сай келетін шосселік велосипедтерді тізгіндеген спортшылар қатысты.

Аталған жарыстың басты ерекшелігі – қала ішіндегі жоғары жылдамдық сыны мен таулы аймақтағы өрлеу кезеңінің қатар қамтылуында. Әсіресе, «Медеу» кешеніне дейінгі бағыт қатысушылардан жоғары деңгейдегі физикалық дайындық пен айрықша төзімділікті талап етті.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, «D’Giro Almaty» жобасы өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп, тұрғындарды белсенді өмір салтына баулуға, сондай-ақ Алматының спорттық туризм орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.

Соңғы жаңалықтар