$ 448.61 € 503.83 ₽ 5.48

Қанша қазақстандық зейнетақы жинағын жеке басқарушыларға сеніп тапсырды?

Абдрахманов Мағжан
21 қазан 2026, 16:38
Қанша қазақстандық зейнетақы жинағын жеке басқарушыларға сеніп тапсырды? Сурет авторы: baigenews

Қазақстандықтар 2026 жылғы қыркүйекте БЖЗҚ-дағы 58,3 млрд теңге зейнетақы жинағын инвестициялық портфельді жеке басқарушыларға аударған. Бұл тамыздағы көрсеткіштен 5,1 есе көп және 2021 жылдан бергі ең жоғары айлық көрсеткіш. Есеп БЖЗҚ деректерінің негізінде жасалған.

Бір айда жеке басқаруға ақша аудару бойынша шамамен 39,8 мың өтініш берілген. Бұл тамызбен салыстырғанда 3,1 есе көп. Ал осы мүмкіндікті пайдаланған салымшылар саны үш есе өсіп, 36,7 мың адамға жеткен.

Аударымның күрт өсуіне қыркүйекте күшіне енген өзгеріс әсер етті. Бұған дейін міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған ақшаның 50%-на дейінгі бөлігін ғана жеке басқарушыға беруге болатын. 7 қыркүйектен бастап салымшылар бұл жинақтың 100%-на дейін жеке басқаруға бере алады.

Бұл зейнетақы жинағын БЖЗҚ-дан шешіп алып, қолма-қол пайдалану деген сөз емес. Ақша зейнетақы жүйесінде қалады, тек оны инвестициялаумен Ұлттық банктің орнына салымшы өзі таңдаған инвестициялық портфельді басқарушы айналысады. Мұндай компаниялар зейнетақы активтерін әртүрлі қаржы құралдарына салып, инвестициялық табыс табуға тырысады. Әр басқарушының өз инвестициялық стратегиясы бар.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Ұлттық банк пен жеке басқарушылардың қарауындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 28,45 трлн теңгеге жуықтаған.

Бұл ақшаны жеке басқарушыға берген тиімді ме?

Мұнда «жеке компанияға берсе, міндетті түрде көбірек табыс табады» деп айтуға болмайды. Нәтиже басқарушының инвестициялық стратегиясына және нарықтағы жағдайға байланысты. Сондықтан салымшы таңдағанда компанияның бұрынғы кірістілігін ғана емес, ақшаны қандай қаржы құралдарына салатынын және тәуекел деңгейін де қарағаны дұрыс. БЖЗҚ жеке басқарушылардың инвестициялық портфельдерінің құрылымы туралы мәліметті тұрақты жариялап отырады.

Соңғы жаңалықтар