$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48

Үш ай бойы іздеген: Оңтүстік Кореяда 21 жастағы қазақстандық қамауға алынды

Абдрахманов Мағжан
20 қазан 2026, 10:12
Үш ай бойы іздеген: Оңтүстік Кореяда 21 жастағы қазақстандық қамауға алынды Сурет авторы: Еңбек министрлігі

Оңтүстік Кореяда көлікті қуып, жолын бөгеп, ішіндегі адамдарға қоқан-лоқы көрсетті деген күдікпен 21 жастағы Қазақстан азаматы қамауға алынды. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, сот 18 қазанда күдіктінің қашып кетуі мүмкін екенін ескеріп, оны қамауға алуға рұқсат берген.

Оқиға 29 шілдеде кешкі уақытта Кёнгидо провинциясының Ичхон қаласында болған. Полиция нұсқасы бойынша, екі Қазақстан азаматы бір көлікті қуып, кейін оның жолын бөгеген. Көлікте жасы 30-дар шамасындағы жүргізуші мен жолаушы болған. Күдіктілердің бірі көліктің алдыңғы бөлігін тепкен. Оқиға бейнетіркеуішке түсіп қалған.

Оңтүстік Кореяның ақпарат құралдары полиция күдіктілердің кім екенін бірден анықтай алмағанын жазады. Бейнежазбада көліктің мемлекеттік нөмірі анық көрінбегендіктен, қыркүйекте іс ашылмаған істер қатарына енгізілген.

Алайда тергеу жұмысына қатысты сын айтылғаннан кейін полиция іздестіруді қайта бастаған. Мамандар бейнежазбадағы көлік нөмірінің бір бөлігін қалпына келтіріп, кейін әлеуметтік желідегі көлік сату туралы хабарландыру арқылы машинаны және оның иесін анықтаған.

21 жастағы қазақстандық 16 қазанда Ансон қаласында ұсталды. БАҚ мәліметінше, ол күндік жұмыс істеп жүрген. Тергеу кезінде күдікті бұған дейін көлігін бір шетелдікке сатпақ болғанын, бірақ сауда жүзеге аспағанын айтқан. Оның сөзінше, оқиға болған күні жәбірленушінің көлігін сол сатып алушының машинасымен шатастырып алған.

Оған денсаулыққа зиян келтіремін және мүлікті бүлдіремін деп қоқан-лоқы көрсетті деген айып тағылған.

Істегі екінші күдікті – 25 жастағы Қазақстан азаматы. Оңтүстік Корея БАҚ-тарының мәліметінше, ол көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін бұған дейін елден шығарылған.

Соңғы жаңалықтар