$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52

Қазақстанда қылмыс жасаған жасөспірімдердің әрбір екіншісі ауыр қылмысқа барған

Абдрахманов Мағжан
22 қазан 2026, 15:25
Қазақстанда қылмыс жасаған жасөспірімдердің әрбір екіншісі ауыр қылмысқа барған Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда соңғы үш жылда 7 мыңға жуық кәмелетке толмаған жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңы полицияның алдын алу есебінде тұр. Биылдың өзінде буллингке қатысты 2 мыңнан астам өтініш түскен. Жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, буллинг, суицид пен есірткіге тәуелділіктің алдын алу және балаларды қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды.

Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Закиева қайталап анықталған жағдайларды қоса есептегенде, 800 мыңнан астам баланың көмекке мұқтаж екенін айтты. Оларды жеке сүйемелдеу үшін «Қазақтелекоммен» бірлесіп әзірленген BALAZHAN бірыңғай мемлекеттік платформасы таныстырылды.

Жүйе орталық және өңірлік деңгейде көмекке мұқтаж деп анықталған әр баланың жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Платформада баланың қандай мәселеге тап болғаны, оның туындау себебі және қандай көмек көрсетіліп жатқаны туралы мәлімет жинақталмақ.

Сонымен қатар Бас прокуратура қауіп-қатерді ерте анықтауға арналған AiMap ақпараттық жүйесін сынақтан өткізген. Ведомствоның мәліметінше, ол есірткі сатылатын интернет-ресурстарға тұрақты кіретін оқушылардың есептік жазбаларын анықтауға мүмкіндік береді.

Бас прокуратураның «Саналы ұрпақ» жобасы аясында 10 айда 19 мың рейд жүргізілген. Нәтижесінде 4 мың жасөспірім алдын алу есебіне қойылып, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 2 400 бала анықталған. 304 дәмхананың алкоголь өнімдерін сату лицензиясы кері қайтарылған. Ведомство осы шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс 7 пайызға азайғанын хабарлады.

Жамбыл облысында 190 мектепте құқықтық мәселелер жөніндегі директор орынбасары лауазымы енгізілген. Прокуратура мәліметінше, осыдан кейін кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс 24,7 пайызға, жасөспірімдердің өздері жасаған қылмыс 3,4 пайызға, ал олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс 54,5 пайызға азайған. Бұл тәжірибені бүкіл елге тарату ұсынылды.

Отырыс қорытындысында Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне буллинг, суицид қаупі және басқа да қатерлерді ерте анықтау бойынша үйлестіруші міндетін беру ұсынылды. Сондай-ақ алдын алу жұмыстарының көрсеткіштерін әкімдердің қызметін бағалау жүйесіне енгізу және 111 байланыс орталығы арқылы балаларға құқықтық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейту мәселесі көтерілді.

Соңғы жаңалықтар