$ 448.61 € 503.83 ₽ 5.48

Зорлық болмай тұрып қауіп туралы белгі беріледі: Айжан Аймағанова жаңа жүйе ұсынды

Абдрахманов Мағжан
21 қазан 2026, 14:23
Зорлық болмай тұрып қауіп туралы белгі беріледі: Айжан Аймағанова жаңа жүйе ұсынды Сурет авторы: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғаныс аймағы» атты сынақ жобасын іске қосуды ұсынды. Ол осы мәселе бойынша Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау шаралары күшейтіліп, жауапкершілік қатаңдатылғанымен, қайғылы оқиғалар әлі де болып жатыр. Ол 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Ділназ Жұмағұлованың пышақ жарақаттарынан қаза тапқанын және 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адаованы бұрынғы күйеуі өлтіргенін мысалға келтірді.

«Осыған байланысты маңызды сұрақ туындайды: қолданыстағы қорғау тетіктері жасалған зорлық-зомбылыққа әрекет етумен ғана шектелмей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді?» – деді Аймағанова.

Оның пікірінше, бұл үшін жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері қазірдің өзінде бар. Депутат сол мүмкіндіктерді бір жүйеге келтіріп, қауіпті дер кезінде анықтауды ұсынады.

«Электрондық қорғаныс аймағын» алдымен жекелеген өңірлерде сынақтан өткізу ұсынылды. Сонымен қатар полицияға қауіп туралы белгі түскен кезде қандай әрекет жасау керектігін айқындайтын бірыңғай міндетті тәртіп бекітілуі керек.

Аймағанованың ұсынысы бойынша, әрбір қауіп белгісі және соған байланысты қабылданған шаралар электрондық түрде автоматты тіркелуге тиіс.

«Бұл әрбір түскен белгі бойынша кімнің, қашан және қандай әрекет жасағанын нақты анықтауға мүмкіндік береді», – деді депутат.

Соңғы жаңалықтар