$ 450.69 € 505.04 ₽ 5.45

«Ақтөбе» мен «Ордабасы» жазаланды: ҚФФ клубтарға ірі айыппұл салды

Редакция
20 қазан 2026, 18:44
«Ақтөбе» мен «Ордабасы» жазаланды: ҚФФ клубтарға ірі айыппұл салды Сурет авторы: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы Премьер-лиганың 23-турындағы «Ақтөбе» – «Ордабасы» матчынан кейін екі клуб пен «Ақтөбенің» бас бапкері Игорь Черевченкоға айыппұл салды. Шешімді 20 қазанда ҚФФ-тің Бақылау, тәртіптік және әдеп комитеті қабылдады.

«Ақтөбе» матчты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны және қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін 300 АЕК айыппұл төлейді. Федерация мәліметінше, ойын кезінде клуб директоры Бауыржан Дүзелбаев төрешілердің киім ауыстыратын бөлмесіне рұқсатсыз кірген.

Бұған қоса, «Ақтөбеге» жанкүйерлерінің әрекеті үшін тағы 200 АЕК айыппұл салынды. Олар матчтың ресми тұлғаларына және қарсылас командаға тіл тигізетін сөздер айтқан.

Ал «Ақтөбенің» бас бапкері Игорь Черевченко беделге нұқсан келтіретін мәлімдемелері үшін 50 АЕК айыппұл арқалады.

«Ордабасы» да жазасыз қалмады. Команда киім ауыстыратын бөлмеден кеш шыққандықтан, матч үш минутқа кеш басталған. Осыған байланысты шымкенттік клубқа 60 АЕК айыппұл салынды.

Барлық айыппұл 20 қарашаға дейін төленуге тиіс. ҚФФ клубтар матчтың дұрыс ұйымдастырылуына, өз өкілдері мен жанкүйерлерінің тәртібіне жауапты екенін еске салды.

Соңғы жаңалықтар