$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52

«Жәрдемақыдан бас тартуды ұсынды»: Түркістан облысының тұрғыны мамандардың үйіне келгенін айтты

Абдрахманов Мағжан
22 қазан 2026, 10:22
«Жәрдемақыдан бас тартуды ұсынды»: Түркістан облысының тұрғыны мамандардың үйіне келгенін айтты Сурет авторы: depositphotos

Түркістан облысында Отбасының цифрлық картасында А және В санатына кірген тұрғындардың үйіне әлеуметтік сала мамандары бара бастады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мұны 2027 жылдан өзгеретін әлеуметтік төлемдер жүйесіне байланысты отбасылардың жағдайын нақты бағалау және түсіндіру жұмыстарымен байланыстырды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде көпбалалы ана түсірген видео тараған. Әйел үйіне келген адамдар несиеге алынған баспанасы мен көлігі бар екенін айтып, жәрдемақыдан бас тартуды ұсынғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, келген адамдар өздерін таныстырмаған және үйді видеоға түсірген. Әйел балаларға кететін шығын, несие төлемдері мен өзінің бала күтіміне байланысты демалыста отырғаны ескерілмегенін айтқан.

Облыстық басқарма мамандар Түркістан облысының аудандары мен қалаларын аралап, А және В санатындағы отбасылардың тұрмыс жағдайымен танысып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ SMS-хабарлама алған әр отбасымен жеке түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

Басқарманың мәліметінше, видео жариялаған тұрғын мамандар берген ақпаратты дұрыс түсінбеген. Кейін әйел видеоны өшірген, ал мамандар онымен қайта байланысып, сұрақтарына жауап берген.

А және В санаты нені білдіреді?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындағанда отбасының тұрмыс деңгейі ескеріледі. Шектеулер Отбасының цифрлық картасында А және В санатына жатқызылған отбасыларға қатысты болады.

Бұл қатарға бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім төлемі және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да кірген. Дегенмен кейбір азаматтарға ерекше тәртіп қарастырылған.

Отбасының А немесе В санатына жататынын тек табыс көлемі шешпейді. Қолданыстағы әдістемеде барлық өлшем бойынша жиналған ұпай есептеледі. А санатына – кемінде 1800 ұпай, В санатына 730-дан 1799 ұпайға дейін жинаған отбасылар кіреді.

Яғни үй немесе көліктің болуы отбасы автоматты түрде А немесе В санатына кіреді дегенді білдірмейді.

Соңғы жаңалықтар