$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48

Пашинян Жапаровты Қазақстан президенті деп атағаннан кейін хаттама қызметінің басшысын қызметінен босатты

Редакция
20 қазан 2026, 14:37
Пашинян Жапаровты Қазақстан президенті деп атағаннан кейін хаттама қызметінің басшысын қызметінен босатты Сурет авторы: rbc.ru

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Мемлекеттік хаттама қызметінің басшысы Гагик Ваноянды қызметінен босатты. Шешім туралы 19 қазанда, Пашинян Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты Қазақстан басшысы деп қате таныстырғаннан екі күн өткен соң белгілі болды.

«Азатутюн» радиосының хабарлауынша, оқиға 17 қазанда Ереванда келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөзге мәлімдеме жасау кезінде болған. Пашинян алдын ала дайындалған мәтінді оқып отырып, Жапаровты «Қазақстан президенті» деп атаған.

Ваноянды қызметінен босатудың себебі құжатта көрсетілмеген. Армения үкіметі премьер-министрдің шешіміне түсініктеме беруден бас тартқан. Оның қызметтен кетуі Пашинянның жаңылысуымен байланысты екені ресми түрде расталған жоқ.

Ваноян хаттама қызметін 2022 жылдың желтоқсанынан бері басқарған. Биыл тамызда ол осы лауазымға қайта тағайындалған еді. Қызмет шетелдік делегациялардың сапарларын дайындап, ресми халықаралық іс-шараларды ұйымдастырады.

Бұл — Қырғызстан президентінің Арменияға жасаған алғашқы ресми сапары. Келіссөздер нәтижесінде тараптар білім беру, зейнетақымен қамсыздандыру және Ыстықкөл мен Севан көлдерін қорғау бағытындағы ынтымақтастық құжаттарына қол қойды.

 

Баман Ислам

Соңғы жаңалықтар