$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52

Ресейде соғысқа әкетілген қазақстандықтар елге орала бастады

Абдрахманов Мағжан
22 қазан 2026, 12:50
Ресейде соғысқа әкетілген қазақстандықтар елге орала бастады Сурет авторы: istock

Ресейге жұмыс іздеп барып, кейін сол елдің әскеріне алынған қазақстандықтардың бір бөлігі елге оралды. Олардың Қазақстанға келгенін адвокат Мейірман Шекеев 22 қазанда әлеуметтік желіде хабарлап, туыстарымен қауышқан сәтінің видеосын жариялады. Ақпаратты елге оралған азаматтардың туыстары да растады.

Елге қайтқандардың арасында Шымкент тұрғыны, 20 жастағы Айнабек Келдібек бар. Оның әпкесінің айтуынша, Айнабек 21 қазан күні кешкі сағат 18:00 шамасында Шымкентке жеткен. Кейін Астанаға барған.

«12 адам болуы керек. Нақты тізімді анам жасауы керек. Әлі есіміз шығып жүр. Шымкентке кеше кешкі сағат 6-да келді. Сосын таңертең Астанаға келді», – деді Айнабек Келдібектің әпкесі Азаттыққа.

Оның сөзінше, Ресейден әлі оралмаған қазақстандықтар да бар. Олардың елге қайту мәселесімен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі айналысып жатқан болуы мүмкін. Әзірге министрлік елге оралған азаматтардың саны туралы ресми мәлімет таратқан жоқ.

Бұған дейін бір топ қазақстандық Ресейге күзетші болып жұмыс істеу үшін барғанын, алайда кейін Ресей әскерінің қатарына алынғанын айтқан еді. Туыстарының мәліметінше, жастарға қол қоюға құжаттар берілген, кейін олардың арасында әскери қызмет туралы келісімшарт болуы мүмкін екені белгілі болған.

Айнабек Келдібектің анасы Перизат Елеусізова да бұған дейін ұлы Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге кеткенін айтқан. Оның сөзінше, Ресейге барған соң Айнабекті әскери комиссариатқа апарған. Орыс тілін білмейтін жігіт бірнеше құжатқа қол қойған.

Қазан айының басында Ресейде қалған жігіттердің аналары Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен балаларын елге қайтаруға көмектесуді сұраған. Бұған дейін 13 қазақстандықтың елге қайтуға дайындалып жатқаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар