$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48

Әл-ауқат калькуляторы неге бәріне ашылмайды: министрлік жауап берді

Абдрахманов Мағжан
20 қазан 2026, 11:48
Әл-ауқат калькуляторы неге бәріне ашылмайды: министрлік жауап берді Сурет авторы: depositphotos

eGov Mobile қосымшасында іске қосылған отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы енді көптеген қазақстандыққа қолжетімсіз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметтің неге шектелгенін түсіндірді.

Жаңа қызмет 18 қазанда іске қосылған. Ол азаматтарға отбасының әл-ауқатын бағалау өлшемдерімен танысып, өз деңгейін алдын ала анықтауға мүмкіндік берген. Алайда 19 қазанда бірқатар қолданушы калькуляторды аша алмай қалған. Қосымшада бұл қызметті тек жәрдемақы алушылар пайдалана алатыны туралы хабарлама шыққан.

«Қызмет мемлекеттік әлеуметтік көмек алатын азаматтарға арналған. Қосымшаға кіргеннен кейін азамат өзіне тағайындалған мемлекеттік әлеуметтік көмектің түрлері мен тиісті төлемдер туралы ақпаратпен таныса алады», – деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.

Бұған дейін калькуляторды пайдаланып үлгерген қазақстандықтар әлеуметтік желілерде оның жұмысына қатысты бірқатар мәселе көтерген. Кей қолданушылардың айтуынша, жүйе 16 жастағы балаларды еңбекке қабілетті адам ретінде есептеген. Сондай-ақ барлық көрсеткішті нөл деп белгілеп, несиесі бар екенін көрсеткен жағдайда да кей отбасылардың елдегі отбасылардың 3 пайызынан ауқаттырақ екені шыққан.

Калькулятор кей қолданушыларды орта тапқа жатқызып, мұқтаж азаматтардың пайдасына жәрдемақыдан бас тарта алатыны туралы ақпарат көрсеткен. Бұл да әлеуметтік желіде талқыланды.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың бір бөлігі отбасының мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып тағайындалмақ. Өзгерістер А және В санатына жатқызылған отбасыларға берілетін кейбір төлемдерге қатысты болады. Олардың қатарында бала тууына, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар бар. Кейбір азаматтарға ерекшелік қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар