$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48

Тоқаев Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін күшейтуді тапсырды

Абдрахманов Мағжан
19 қазан 2026, 18:11
Тоқаев Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін күшейтуді тапсырды Сурет авторы: Ақорда

Президент – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы Айтқұрман Омарбеков пен Қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы Қарулы күштердің қазіргі қызметі мен жауынгерлік әзірлігі, әскери даярлықты қаржыландыру және Қорғаныс министрлігі бюджетінің орындалуы туралы есепті тыңдады. Президентке әскердің жай-күйі, жұмылдыру дайындығы және әскери қызметшілерге жүктелген міндеттердің орындалуы жөнінде баяндалды.

Кездесуде армияның қазіргі қажеттіліктерін қаржыландыру, оны дамыту бағдарламасы, әскери инфрақұрылымды жарақтандыру және бөлімшелердің күнделікті қызметін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сондай-ақ әскери әзірлік міндеттеріне қарай қаражатты қайта бөлу мәселесі талқыланды.

Бұдан бөлек, әскерді басқару жүйесін жетілдіру, шешім қабылдау жеделдігін арттыру, жұмылдыруды жоспарлау және әскери резервті дайындау мәселелеріне назар аударылды. Бюджет тәртібін сақтау, бөлінген қаржыны тиімді пайдалану және шығыстардың нәтижелілігін бағалау да сөз болды.

Кездесу қорытындысында Тоқаев Қарулы күштердің сақадай сай болуын және әскери әзірлік сапасын қамтамасыз ету, армияның негізгі қажеттіліктерін қаржыландыру және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Соңғы жаңалықтар