$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48

Өскемендегі кептеліске жаңа жол: әкім құрылыс барысын жеке тексерді

Редакция
20 қазан 2026, 14:16
Өскемендегі кептеліске жаңа жол: әкім құрылыс барысын жеке тексерді Сурет авторы: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласында жұмыс сапарымен болып, жол жөндеу жұмыстарының барысын және жаңа тұрғын үй кешендері маңындағы абаттандыруды көзімен көрді.

Алғашқы тоқтаған жер Әлия Молдағұлова мен Халықтар достығы көшелерінің қиылысы болды. Мұнда Күленов кентінен Самар тасжолына шығатын қосымша жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Негізгі жұмыстар біткен, асфальт төселген, енді бордюр орнатып, айналасын ретке келтіру керек. Бұл жол әсіресе таңертең Әлия Молдағұлова көшесінде жиналатын көліктер легін азайтады деп күтіледі.



Әкім мердігерлерге құрылысты созбай, сапалы тапсыруды міндеттеді. Іргелес учаскелердегі шұңқырларды жөндеп, теміржол өткелдерінде қозғалысты қауіпсіз ету де тапсырылды.

«Қосымша жолдар көлік қозғалысын оңтайландырып, тұрғындардың жолға жұмсайтын уақытын қысқартады. Кептелісте тұратын көлік азайса, ауа сапасына да оң әсер етеді. Ауа райы мүмкіндік беріп тұрған кезде барлық кемшілікті жою қажет», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс басшысы, сондай-ақ, Қ.Сәтбаев даңғылы бойымен Самар тасжолына қарай салынған жаңа жолды қарады. Бұл учаске де қаладағы көлік ағынын реттеп, жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға арналған.

Сапар барысында Бейбітшілік пен Қайсенов көшелерінің қиылысындағы «Золотой квадрат» тұрғын үй кешені мен «Тұмар групп» нысандарының маңы да қаралды. Жауаптыларға пәтер санын, жобадағы автотұрақ орындарын және жолдарға түсетін нақты жүктемені көрсететін толық ақпарат жинау тапсырылды. Осы деректер негізінде полиция мен жауапты қызметтердің қатысуымен жеке кеңес өтіп, шешім қаралады.

Әкімнің сөзінше, тұрғын үй құрылысы мен абаттандыру қатар жүруі тиіс. Жаңа үйлердің жанындағы жол, автотұрақ және жаяу жүргіншілер кеңістігі тұрғындардың қажеттілігіне сай болуы керек.

Сапар қорытындысымен жауапты мекемелерге құрылыс пен абаттандыру сапасын бақылауды күшейтіп, анықталған мәселелерді уақтылы шешу міндеттелді.

Соңғы жаңалықтар