$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52

Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 41 ауылға интернет тартылды

Редакция
22 қазан 2026, 12:12
Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 41 ауылға интернет тартылды Сурет авторы: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 41 ауыл интернетпен қамтылды. Қазір өңірдегі 349 елді мекеннің 307-сінде интернет бар. Қалған 42 шағын және шалғай елді мекенге байланыс тарту үшін олардың орналасуы, ауа райы мен инфрақұрылым ерекшеліктеріне қарай жеке техникалық шешімдер қарастырылады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды.

Жиында жазғы туристік маусымның қорытындысы мен елді мекендерді антенна-мачталық құрылымдар арқылы мобильді интернетпен қамту мәселесі қаралды. Отырысқа қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембиновтің мәліметінше, бүгінде өңірде 447 орналастыру орны жұмыс істейді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 64 нысанға көп. Бір мезетте қабылдай алатын қонақтар саны 5,8 пайызға өсіп, 22,3 мың орынға жеткен.

«Биылғы жарты жылдың ішінде Шығыс Қазақстанға келген туристер саны 195,6 мың адамды құрады, оның ішінде 188,9 мың адам – отандық туристер, 6,7 мың адам – шетелдіктер. Туристік саланың инвестициялық пулына 2030 жылға дейін іске асырылатын жалпы сомасы 123 млрд теңгені құрайтын 30 жоба енгізілген. Бұқтырма су қоймасына және Ұлан ауданының көлдеріне апаратын жолдар бойынша бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. «Рахман қайнарлары» шипажайына апаратын жол учаскесінің құрылысы аяқталды», – деді Ержан Сембинов.

«Өскемен – Алтай – Рахман қайнарлары» республикалық тасжолының Тереңсай асуын айналып өтетін бөлігіндегі көпір құрылысы аяқталуға жақын. Берел ауылы маңындағы Язовое көліне апаратын бағытта Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жалғасып жатыр.

Туристер жиі баратын жерлердегі инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде 20 шақырымнан астам жылу желісі ауыстырылып, 12 шақырым электр желісі салынған. «Голубой залив» және «Жаңа Бұқтырма» қосалқы электр станциялары жаңғыртылды.

Электр қуатының тапшылығын азайту үшін инвесторлар қаражатына Катонқарағай және Марқакөл аудандарында 11 шағын су электр станциясын салу жоспарланған. Туристік аймақтарды ұялы байланыс және интернетпен қамту жұмыстары да жалғасып келеді.

ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетовтің айтуынша, жыл басынан бері 41 ауылға интернет тартылған.

«Осылайша, бүгінде облыстағы 349 елді мекеннің 307-сі интернетпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 6 қала және 301 ауыл бар, бұл аймақ халқының 99 пайызын қамтиды. Қалған 42 шағын және шалғай елді мекенді қамту географиялық, климаттық және инфрақұрылымдық ерекшеліктерді ескере отырып, жеке техникалық шешімдер негізінде жүзеге асырылады», – деді ол.

Өскеменде «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС 5G желісінің 88 базалық станциясын іске қосқан. Жыл соңына дейін тағы бес базалық станция орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар байланыс сапасы тұрақты бақыланып, облысты байланыспен қамтудың цифрлық картасы жаңартылып отырады.

Облыс әкімі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Көккөл сарқырамасына баратын жолда Ақ Берел өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу қажеттігін айтты.

«Туризм, жолаушылар көлігі, энергетика, цифрландыру басқармалары қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесіп, туризмді дамытуға қажетті басым инфрақұрылымдық жобалар тізбесін әзірлеуі тиіс. Әкімдер байланыс операторларына байланыс нысандарын салуға қажетті рұқсат беру рәсімдерінен өту барысында тиісті көмек көрсетіңіздер. Өскеменде мобильді байланыспен қамтудың «ақ дақтарын» жою іс-шараларын жалғастырыңыздар. Енді қалған 42 шағын және шалғай елді мекенді интернетпен қамту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз керек», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Соңғы жаңалықтар