$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52

Соғысты тоқтату келіссөзі қайта басталуы мүмкін: Ресей мен Украина АҚШ ұсынысын қолдады

Абдрахманов Мағжан
22 қазан 2026, 11:26
Соғысты тоқтату келіссөзі қайта басталуы мүмкін: Ресей мен Украина АҚШ ұсынысын қолдады Сурет авторы: Гавриил Григоров/РИА Новости

Ресей мен Украина АҚШ-тың соғысты тоқтатуға бағытталған үшжақты келіссөз өткізу туралы ұсынысын қолдады. Кездесу Ресей, Украина және АҚШ-тың келіссөз топтары деңгейінде өтуі мүмкін. Украина президенті Владимир Зеленский оны қарашаның басынан кешіктірмей өткізуді қалайтынын мәлімдеді.

Бұл мәселе Санкт-Петербургте Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф кездескеннен кейін қозғалды. Reuters мәліметінше, Путин АҚШ-тың арағайындығымен Украинамен келіссөзді келесі айда қайта бастауға келіскен.

Зеленский Уиткофф пен Путиннің кездесуінен кейін Украина тарапы АҚШ өкілдерімен байланысқанын айтты. Оның сөзінше, Киевке Ресейдің үш елдің келіссөз топтары қатысатын кездесуге дайын екені жеткізілген.

Украина АҚШ-тың кездесуді мүмкіндігінше тез өткізу туралы ұсынысын қолдап отыр. Зеленский келіссөз қарашаның басынан кешікпей басталады деп үміттенетінін айтты. Ол Украина атысты тоқтату, соғысты аяқтау, энергетикалық нысандарға шабуылды доғару және гуманитарлық бастамаларға қатысты ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді. 

Әзірге үшжақты кездесудің нақты күні мен өтетін жері жарияланған жоқ. Reuters дерегінше, тараптар арасында соғысты тоқтату шарттарына қатысты елеулі қайшылықтар сақталып отыр. АҚШ арағайындығымен өткен бұған дейінгі келіссөздер осы жылдың басында тоқтаған еді.

Соңғы жаңалықтар