$ 450.69 € 505.04 ₽ 5.45

Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту саласындағы тәжірибесі ТүркПА-да таныстырылды

Редакция
20 қазан 2026, 17:21
Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту саласындағы тәжірибесі ТүркПА-да таныстырылды Сурет авторы: Құрылтай

20 қазан, Бішкек. Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған делегация Қырғыз Республикасының астанасында өткен Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының XV пленарлық отырысына қатысты. 

Қазақстандық депутаттардың Бішкектегі жұмысы бірқатар ресми кездесуден басталды. 

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Құрылтай Төрағасын ТүркПА-ға мүше елдер парламенттерінің басшыларымен бірге қабылдады. Айбек Дәдебай бауырлас елдің басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласы мен ізгі тілегін жеткізді. Кездесуде бүгінде түркі мемлекеттері арасындағы қарым-қатынас стратегиялық деңгейге көтеріліп, жан-жақты дамып келе жатқаны атап өтілді. Бұл – елдер көшбасшылары арасындағы жемісті өзара іс-қимылдың тікелей нәтижесі. 

Негізгі отырыс қарсаңында Жогорку Кенеш Төрағасы Марлен Маматалиевпен мазмұнды кездесу өтті. Айбек Дәдебай қырғыз әріптестеріне қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Қырғызстан Парламентімен екіжақты қарым-қатынасты Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңес, достық тобы және салалық комитеттер аясында барлық деңгейде одан әрі дамыту Құрылтай үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. 

ТүркПА-ның XV пленарлық отырысы «Жасанды интеллект және технологиялық прогресс дәуіріндегі түркі әлемінің парламентаралық ынтымақтастығы» тақырыбына арналды. 

Құрылтай Төрағасы өз сөзінде бұл талқылау биыл Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде көтерілген бастамалармен үндес екенін атап өтті. 

– Бұл жасанды интеллект пен заманауи технологиялар мәселелерінің түркі әлемінің ортақ күн тәртібінде ерекше орын алатынын көрсетеді. Осыған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркі елдерінің IT-хабтар желісін және Астанадағы Alem.AI базасында Жасанды интеллект орталығын құру бастамасының маңыздылығын атап өтті. Бұл жобалар елдеріміздің технологиялық әлеуетін біріктіріп қана қоймай, ортақ цифрлық экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұндай тетіктер ынтымақтастықты декларативті деңгейден нақты практикалық нәтижелерге көшіруді қамтамасыз етеді, – деді Айбек Дәдебай. 

Құрылтай Төрағасы сондай-ақ отырысқа қатысушыларды Габалада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстан тарапы ұсынған бастамаларды қолдауға шақырды. Атап айтқанда, логистикалық әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа технологиялар мен ортақ цифрлық шешімдерді ілгерілету үшін цифрлық мониторинг және цифрлық инновациялар орталықтарын ашу, сондай-ақ Түркі мемлекеттерінің киберқауіпсіздік жөніндегі кеңесін құру бастамалары туралы сөз болды. 

Айбек Дәдебай Қазақстанда цифрландыру ел дамуының стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде айқындалғанын, ал 2026 жылды Президент «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын атап өтті. Құрылтай Төрағасы әріптестерімен Қазақстанның цифрлық ортаны заңнамалық қолдау саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, жаңа Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң, сондай-ақ «Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясы аясында заңнаманы одан әрі жетілдіру жұмыстары туралы айтып берді. 

Осыған байланысты Қазақстан тарапы еліміздің тәжірибесі негізінде ТүркПА елдеріне арналған үлгілік Цифрлық кодексті әзірлеу бастамасын көтерді. Бұл құжат түркі мемлекеттері арасында цифрлық құқық саласының ортақ тұжырымдамалық, терминологиялық және әдіснамалық негізін қалыптастыруға ықпал етеді. 

Айбек Дәдебай Қазақстанда цифрландыру саласында жүзеге асырылып жатқан жобаларға да тоқталды. Олардың қатарында заң шығару жұмысын «e-Quryltai» платформасына көшіру, өңірдегі ең қуатты екі суперкомпьютерді іске қосу, «GovTech» инфрақұрылымын дамыту, AI-Sana бағдарламасы арқылы азаматтарды оқыту, Astana Hub кластері мен Qazaq AI Research University базасындағы білім беру жобалары және басқа да бастамалар бар. 

Отырыс барысында Құрылтай депутаттары Әмірбек Оспанбеков пен Сатыбалды Бұршақов баяндама жасады. Қатысушылар ТүркПА-ға мүше мемлекеттерде өнеркәсіптік меншік құқықтарын қорғау, балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау, бірлескен кәсіпорындар туралы және басқа да бірқатар үлгілік заңды қабылдады. 

ТүркПА-ның XV пленарлық отырысының қорытындысы бойынша парламентарийлер Бішкек декларациясын қабылдады. 

ТүркПА Кеңесінің отырысында Қазақстан Парламенттік Ассамблеяға төрағалықты Қырғыз Республикасына тапсырды. Айбек Дәдебай әріптестеріне осы жауапты міндетті атқаруда табыс тілеп, Құрылтай депутаттары парламентаралық байланыстар мен ортақ түркі бірлігін одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін жеткізді. 

ТүркПА отырысы аясында Құрылтай Төрағасы Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Төрағасы Сахиба Гафаровамен және Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Нуман Куртулмушпен кездесті. Тараптар ТүркПА аясында да, екіжақты форматта да парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты. 

Сонымен қатар Құрылтай депутаттары ТүркПА-ның Жас парламентарийлер және Парламентарий әйелдер топтарының жұмысына қатысты. Құрылтай депутаты, жас парламентарийлер тобының жетекшісі Дидарбек Ділдәбек жастардың саяси шешімдер қабылдау үдерістеріне қатысуы туралы баяндама жасады. ТүркПА-ның Парламентарий әйелдер тобының жетекшісі Айжан Темірбаева «Әйелдер және мәдени дипломатия: тіл мен ортақ дәстүрлер арқылы бірлікті нығайту» тақырыбындағы сессияда сөз сөйледі. 

Құрылтайдың Баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар