$ 451.31 € 504.56 ₽ 5.36

ШҚО әкімдігі мен Назарбаев Университеті өңір өнеркәсібінің ғылыми әлеуетін арттыру жөнінде келіссөз жүргізді

Редакция
08 қазан 2026, 15:59
ШҚО әкімдігі мен Назарбаев Университеті өңір өнеркәсібінің ғылыми әлеуетін арттыру жөнінде келіссөз жүргізді Сурет авторы: ШҚО баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен Назарбаев Университетінің басшылығы арасында маңызды кездесу өтті. Шара барысында тараптар сирек кездесетін және стратегиялық маңызы бар металдар секторын дамыту, сондай-ақ ғылым мен білікті кадрлар даярлау саласындағы өзара әріптестікті тереңдету мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі баспасөз қызметі.

Ресми кездесу аясында Шығыс Қазақстанның жоғары оқу орындары мен Назарбаев Университеті арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайту, бірлескен қолданбалы зерттеулерді ұйымдастыру, өңірлік өнеркәсіптің сұранысына сай келетін жоғары білікті мамандарды дайындау және әлеуетті инвестициялық жобаларды іске асыру тетіктері сөз болды.

Өз кезегінде Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад Шығыс Қазақстанның академикалық ортасымен әріптестікті дамытуға үлкен қызығушылық танытатынын білдірді. Келіссөздер барысында тараптар отандық жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу әлеуетін біріктіруге, озық тәжірибемен бөлісуге және ШҚО-ның жас ғалымдары мен зерттеушілерін жоғары технологиялық жобаларға кеңінен тартуға басымдық берді.

«Біздің өңірде білімге құштар, ғылымға ынталы талантты жастар өте көп. Біздің басты міндетіміз – олардың сапалы әрі заманауи білім алуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына және өңірлік экономика үшін стратегиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруына толық жағдай жасау. Осы мақсатта келесі жылдан бастап өз тарапымыздан қажетті кешенді қолдау шараларын көрсетуді жоспарлап отырмыз», – деп баса айтты ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Бұл бағытта атқарылып жатқан дайындық жұмыстары мен стратегиялық жоспарлар туралы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина баяндап берді.

«Қазіргі уақытта біз сирек металдарды зерттеуге арналған мамандандырылған орталықты құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл орталық Шығыс Қазақстанның табиғи ресурстық әлеуетін терең зерттеуге, ірі өндірістік кәсіпорындар мен университеттердің күш-жігерін біріктіруге, сондай-ақ өңірге қосымша инвестициялар тартуға зор мүмкіндік береді. Өңірімізде бұл салада жинақталған мол тәжірибе, заманауи зертханалық база және жолға қойылған халықаралық ғылыми байланыстар бар. Осы ресурстардың барлығын ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізуге жұмылдырып жатырмыз. Негізгі индустриялық серіктестеріміздің қатарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Үлбі металлургиялық зауыты және өзге де ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бар», – деді ШҚТУ ректоры.

Бой көтеретін жаңа ғылыми орталық облыс аймағында құрылып жатқан сирек және стратегиялық маңызды металдарды дамыту жөніндегі Жобалық кеңсенің басты ғылыми-технологиялық алаңына айналмақ. Бұдан бөлек, аталған орталық қолданбалы ғылыми зерттеулерді орындаумен, жаңа технологияларды өндіріске енгізу алдында сынақтан өткізумен, жоғары білікті кадрларды даярлаумен және жобаларды бастапқы зертханалық кезеңнен бастап толық өнеркәсіптік игеруге дейін кешенді ғылыми сүйемелдеумен айналысатын болады.

Соңғы жаңалықтар