$ 448.94 € 502.05 ₽ 5.26

АҚШ-та қалғысы келетін шетелдік студенттерге талап күшейтілуі мүмкін

Редакция
08 қазан 2026, 16:43
АҚШ-та қалғысы келетін шетелдік студенттерге талап күшейтілуі мүмкін Сурет авторы: REUTERS

АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі елде білім алып жатқан халықаралық студенттердің оқудан кейін еңбек етуіне қатысты талаптарды күшейтуді ұсынды. Жаңа бастамаға сәйкес, F-1 визасымен оқитын шетелдік азаматтар өндірістік тәжірибеден (OPT) өту және жұмыс орнында қосымша біліктілігін арттыру үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде жарна төлеуге міндеттелуі мүмкін, деп хабарлайды Reuters.

Министрлік әзірлеген жоспарда мынадай төлем түрлері қарастырылған:

  • 70 000 АҚШ доллары - қосымша практикaлық дайындық (OPT) бағдарламасы үшін уәкілетті білім беру мекемесіне төленеді;

  • 30 000 АҚШ доллары - жұмыс орнындағы кез келген қосымша оқыту курстары үшін төленеді.

Қазіргі уақытта бұл рұқсаттаманы рәсімдеу жарнасы шамамен 500 АҚШ долларын құрайды.

Айта кету керек, OPT (Optional Practical Training) жүйесі халықаралық студенттерге оқу кезеңінде аптасына 20 сағатқа дейін, сондай-ақ диплом алғаннан кейін белгілі бір мерзім ішінде американдық кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия және математика (STEM) салаларының түлектері үшін бұл мерзімді ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің хабарлауынша, бұл шаралар иммиграциялық жүйедегі заңбұзушылықтардың алдын алуға, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге және АҚШ азаматтарының еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған. Ведомство жаңа төлемдер F-1 визасының талаптары мен мақсаттарының қатаң сақталуын қамтамасыз ететінін атап өтті.

Ұзақ жылдар бойы аталған оқыту бағдарламалары халықаралық студенттер үшін АҚШ-та жоғары жалақысы бар жұмысқа орналасуға және H-1B жұмыс визасын алуға мүмкіндік беретін негізгі құрал болып келді. Өз кезегінде америкалық ірі технологиялық компаниялар да білікті мамандар тапшылығын осы түлектер есебінен толықтырып отырған.

Айта кетейік, 2024 жылғы сайлауалды науқаны кезінде АҚШ Президенті Дональд Трамп шетелдік студенттерге жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін тұрақты тұруға рұқсат беру (грин-карта) рәсімін жеңілдетуді ұсынған болатын.

Ұсынылған жоба 30 күн бойы қоғамдық талқылауда болады. Құжат түпкілікті бекітілгеннен кейін, оқу орындары, студенттер мен жұмыс берушілерге жаңа ережелерге бейімделу үшін қосымша 60 күн уақыт беріледі. Содан кейін ғана талаптар ресми түрде күшіне енеді.

Соңғы жаңалықтар