$ 448.94 € 502.05 ₽ 5.26

Қазақстанда кімге мемлекеттен жәрдемақы берілмейді? Отбасыңыздың әл-ауқаты баллмен есептеледі

Редакция
08 қазан 2026, 15:02
Қазақстанда кімге мемлекеттен жәрдемақы берілмейді? Отбасыңыздың әл-ауқаты баллмен есептеледі Сурет авторы: depositphotos.com

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында мемлекеттік жәрдемақылардың бір бөлігін тағайындау барысында отбасының мұқтаждық деңгейі міндетті түрде ескерілетін болады. Отбасының әл-ауқатын бағалау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен арнайы әдістемеге сәйкес, «Отбасының цифролық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Ережеге сәйкес, отбасыларға тиесілі көмек мөлшерін анықтау үшін бірыңғай табыс шегі қолданылмайды. Көмек тағайындау барысында табыс көлемімен қатар баспана жағдайы, балалар саны, қаржылық міндеттемелер және басқа да маңызды факторлар кешенді түрде есепке алынады.

Отбасының әлеуметтік жағдайы 8 негізгі бағыт бойынша бағаланады:

  1. Табыстар мен несиелік міндеттемелер

  2. Көлік құралдарының болуы

  3. Еңбекпен қамтылу деңгейі

  4. Әлеуметтік қорғау маркасы

  5. Денсаулық жағдайы

  6. Білім алу көрсеткіштері

  7. Тұрғын үй жағдайлары

  8. Жеке қосалқы шаруашылықтың болуы

Әр бағыт бойынша белгіленген критерийлерге сәйкес ұпайлар қосылады немесе шегеріледі. Жиналған жалпы ұпай санына байланысты отбасы 5 санаттың біріне жатқызылады:

Санат Әл-ауқат деңгейі Жалпы ұпай саны
A Жоғары (әл-ауқаты жақсы) 1800 және одан жоғары
B Қанағаттанарлық 730 – 1799
C Қанағаттанғысыз -30 – 729
D Дағдарыстық -460 – -29
E Шұғыл көмек қажет -459-дан төмен

 

Ұпайларды есептеу тәртібі

1. Отбасы табысы мен несиелер

Отбасының айлық жалпы табысы отбасы мүшелерінің санына бөлініп, жан басына шаққандағы орташа табыс анықталады. Бұл көрсеткіш ең төменгі күнкөріс деңгейімен салыстырылады:

  • Табысы жоқ отбасылар: 0 ұпай

  • Табысы бар, бірақ кедейлік шегінен төмен: +40 ұпай

  • Кедейлік шегінен жоғары, бірақ 1 күнкөріс деңгейінен төмен: +100 ұпай

  • 1-ден 2 күнкөріс деңгейіне дейін: +170 ұпай

  • 2-ден 3 күнкөріс деңгейіне дейін: +280 ұпай

  • 3-тен 4 күнкөріс деңгейіне дейін: +400 ұпай

  • 4 күнкөріс деңгейінен жоғары: +620 ұпай

Несиелік міндеттемелер:

  • Белсенді несиесі бар отбасылардан 50 ұпай шегеріледі.

  • 90 күннен астам мерзімі өткен, 1000 теңгеден асатын берешегі бар бір ересек мүшесі үшін - минус 250 ұпай, барлық ересек мүшелері үшін - минус 500 ұпай шегеріледі.

2. Көлік және арнайы техника

  • Жеңіл автокөлігі жоқ отбасыларға минус 50 ұпай беріледі.

  • 1 автокөлігі барларға - 0 ұпай, 2 автокөлігі барларға - +50 ұпай, 3 және одан да көп автокөлігі барларға - +100 ұпай қосылады.

  • Коммерциялық көліктің (автобус, жүк көлігі) болуы - +80 ұпай, ауыл шаруашылығы техникасының болуы - +100-ден +200 ұпайға дейін қосады.

3. Еңбекпен қамтылу және кәсіпкерлік

  • Жұмыс істейтін 1 мүшесі бар отбасына - 150 ұпай, 2 және одан көп мүшесі болса - 300 ұпай беріледі. Еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасылардан 100 ұпай шегеріледі.

  • Кәсіпкерлікпен айналысатын жеке кәсіпкерлер үшін - 50 ұпай, жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылтайшылары үшін - 100 ұпай, екеуі де бар болса - 150 ұпай қосылады.

4. Балалар және мүгедектік

18 жасқа дейінгі балалар мен 23 жасқа дейінгі студенттер үшін жалпы ұпайдан шегерім жасалады:

  • 1 бала немесе студент үшін - минус 50 ұпай

  • 2 бала үшін - минус 100 ұпай

  • 3 бала үшін - минус 150 ұпай

  • 4 және одан да көп бала үшін - минус 200 ұпай

Отбасында І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар ересек мүшесі болса - минус 250 ұпай, ІІІ топтағы мүгедектігі бар мүшесі болса - минус 100 ұпай, мүгедектігі бар бала болса - минус 150 ұпай шегеріледі.

5. Денсаулық сақтау және білім беру

  • Медициналық ұйымға немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген мүшелері бар отбасылардан - 20 ұпайдан шегеріледі.

  • Созылмалы ауруы бар немесе диспансерлік есепте тұрған мүшелері бар отбасылардан - 50-ден 80 ұпайға дейін шегеріледі.

  • Мектепке дейінгі немесе мектеп мекемелеріне тіркелмеген балалар үшін - минус 50-ден 100 ұпайға дейін қолданылады.

6. Тұрғын үй және тіркелген орны

Отбасының меншігіндегі тұрғын үй нысандарының саны мен жан басына шаққандағы ауданы есептеледі:

  • Тұрғын үйі жоқ отбасыларға - минус 200 ұпай

  • Жан басына шаққанда 18 шаршы метрден аз 1 баспанасы барларға - минус 80 ұпай

  • Жан басына шаққанда 18 шаршы метрден асатын 1 баспанасы барларға - 0 ұпай

  • 2-ден 3-ке дейін тұрғын үйі барларға - +100 ұпай

  • 11-ден астам тұрғын үйі барларға - +2000 ұпай қосылады.

Тіркелген мекенжайы бойынша:

  • Республикaлық маңызы бар қалаларда немесе елордада тіркелгендерге - +70 ұпай

  • Ауылдық елді мекендерде тіркелгендерге - минус 70 ұпай

  • Тіркеуі жоқ тұлғаларға - минус 100 ұпай қолданылады.

Аталған бағалау жүйесі әр отбасының әлеуметтік жағдайын барынша әділ анықтауға бағытталған. Сол себепті, табыстары бірдей отбасылардың бала санына, баспана жағдайына немесе несиелік міндеттемелеріне байланысты әртүрлі санаттарға түсуі мүмкін.

2027 жылдан бастап жәрдемақы тағайындау кезінде арнайы ерекшеліктер де ескеріледі. Алдағы уақытта мүгедектігі бар балаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы отбасының әл-ауқатын бағалаусыз тағайындалса, ал оны бағып-құтқан ата-анаға берілетін арнайы төлем мұқтаждық деңгейін есепке алу арқылы төленетін болады.

Соңғы жаңалықтар