$ 448.94 € 502.05 ₽ 5.26

2027 жылдан бастап ауқатты қазақстандықтарға бірқатар жәрдемақы төленбейді: Үкімет тізімді бекітті

Абдрахманов Мағжан
08 қазан 2026, 11:26
2027 жылдан бастап ауқатты қазақстандықтарға бірқатар жәрдемақы төленбейді: Үкімет тізімді бекітті Сурет авторы: baq.kz

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақы отбасының әл-ауқаты ескеріліп тағайындалады. Үкімет тиісті төлемдердің тізімін бекітті.

Отбасының цифрлық картасында әл-ауқаты «жоғары» және «ауқатты» деп бағаланып, A және B санатына кірген азаматтарға тізімдегі төлемдер тағайындалмайды. Егер жәрдемақы алып жүрген адам кейін осы санаттардың біріне кірсе, төлем тоқтатылады.

Әл-ауқат деңгейі ескерілетін тізімге мына төлемдер енген:

  • бала тууға байланысты жәрдемақы;

  • бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы;

  • көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;

  • марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;

  • мүгедектік бойынша жәрдемақы;

  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы;

  • арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

  • бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға берілетін жәрдемақы;

  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға, қорғаншы мен қамқоршыға берілетін жәрдемақы;

  • арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Сондай-ақ адам қайтыс болғанда жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау кезінде де отбасының мұқтаждық деңгейі ескеріледі.

Алайда бірқатар төлемге бұл талап қолданылмайды. Балаларға, сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға мүгедектік бойынша жәрдемақы отбасының әл-ауқатына қарамастан тағайындалады. Ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы төлеу кезінде де мұндай бағалау жүргізілмейді.

Жасына байланысты зейнетақы алатын марапатталған көпбалалы аналар мен арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы алушыларға да ерекшелік қарастырылған. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындағанда әл-ауқат деңгейі бағаланбайды. Кейбір басқа санаттарға да ерекшеліктер белгіленген.

Отбасының әл-ауқат деңгейі Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер арқылы анықталады. Бағалау кезінде табыс, несие міндеттемелері, жұмыспен қамтылу, баспана және басқа мүлік ескеріледі. Алайда Үкімет қаулысында жәрдемақыдан бас тартуға негіз болатын нақты табыс шегі көрсетілмеген.

Төлемі тоқтатылған адамның жағдайы ай сайын қайта бағаланады. Егер ол кейін «қанағаттанарлық», «экономикалық тұрғыдан осал» немесе «экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал» санаттардың біріне өтсе, жәрдемақы қайта төленуі мүмкін.

Жаңа тәртіп бойынша жәрдемақы тағайындау үшін өтініш беруші, төлем алушы және отбасының кәмелетке толған мүшелері дербес деректерін тексеруге келісім беруі қажет. Бұл банк құпиясына жататын мәліметтерді, сондай-ақ несие сомасы, ай сайынғы төлем, мерзімі өткен және қалған берешек туралы ақпаратты тексеруге мүмкіндік береді.

Мұндай келісім берілмесе, жәрдемақы төлеу тоқтатылуы мүмкін. Келісім кейін берілген жағдайда төлем оны берген күннен бастап қайта жалғасады.

Соңғы жаңалықтар