$ 448.94 € 502.05 ₽ 5.26

Экологиялық мәдениет сенбілікпен шектелмейді: Өскеменде жастар «Таза Қазақстан» идеясы төңірегінде бірікті

Редакция
08 қазан 2026, 17:50
Экологиялық мәдениет сенбілікпен шектелмейді: Өскеменде жастар «Таза Қазақстан» идеясы төңірегінде бірікті Сурет авторы: ШҚО баспасөз қызметі

Өскемен қаласында «Таза Қазақстан – ортақ іс және ортақ құндылық» тақырыбында жастармен ресми кездесу ұйымдастырылып, онда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоғамдық жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды.

Өскемен қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жиынға студенттер, еріктілер және қаланың белсенді жастары қатысты. Кездесудің басты мақсаты - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының маңызын түсіндіру және жастарды экологиялық жобаларға кеңінен тарту болып табылады.

Жиын барысында «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тәнір Ясса сөз сөйледі:

«Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда осындай кездесулердің маңызы зор. Бұл мәселелер үнемі талқыланып, жастардың ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсетілсе, қоғамның экологиялық сауаттылығы да арта түседі. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – «Таза Қазақстан» бастамасының мәнін жастармен бірге талқылап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу».

Кездесуге қатысушылар шаһардың тазалығы мен абаттандырылуын жақсарту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды жүйелі басқару, жасыл желектерді қорғау және қоғамдық орындарда тазалық сақтау мәдениетін арттыру жөніндегі міндеттер атап өтілді.

Іс-шара қорытындысы бойынша «Таза Қазақстан» акциясы тек біржолғы шара емес, ұзақ мерзімді ортақ құндылық екендігі және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатындығы белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар