$ 456.56 € 530.52 ₽ 5.28

Дифтерия қаупі: Жүрек пен жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті індеттен қалай қорғануға болады

Редакция
07 қыркүйек 2026, 14:30
Дифтерия қаупі: Жүрек пен жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті індеттен қалай қорғануға болады Сурет авторы: bronchipret.kz

Қазақстанда дифтерия індеті мен оның алдын алу шаралары бойынша ресми ескерту жасалды. Санитарлық дәрігерлердің мәліметінше, аталған қатерлі ауру жүрек пен жүйке жүйесіне ауыр асқынулар тудыруы мүмкін. Инфекцияның алдын алу үшін азаматтар қарапайым санитарлық ережелерді қатаң сақтап, дерттің белгілерін уақытылы анықтай білуі тиіс.

Дифтерия – тамақ пен тыныс жолдарын зақымдайтын қауіпті бактериялық инфекция. Оның қоздырғышы бөлетін токсин жүрекке, жүйке жүйесіне және басқа да ішкі органдарға аса ауыр зақым келтіруі мүмкін.

Комитеттің хабарлауынша, аурудың негізгі белгілеріне тамақтың ауыруы мен першуі жатады. Науқасқа жұтыну қиындап, бойын әлсіздік билейді, дене қызуы көтеріліп, лимфа түйіндері ұлғаяды. Салдарынан мойын ісініп, бадамша бездері мен тамақта кетіруге өте қиын тығыз сұр-ақ түсті жұқпалы қабықша пайда болады. Сонымен қатар дауыс қарлығып, тыныс алу қиындай түседі. Дәрігерлер бұл дерт шұғыл медициналық көмекті талап ететінін ескертеді, сондықтан күдікті белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет.

Инфекцияның алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация және уақтылы жасалатын ревакцинация. Мамандар балалардың екпе кестесін қатаң қадағалап, толық қорғанысты қамтамасыз етуге шақырады. Сонымен қатар жеке гигиенаны сақтау маңызды рөл атқарады: қолды сабынмен жиі әрі мұқият жуу, жөтелген және түшкірген кезде ауыз пен мұрынды жабу, тек жеке заттар мен ыдыс-аяқты пайдалану қажет.

Бұдан бөлек, науқастармен байланысты шектеу, көпшілік жиналатын орындарға бармау және қажет болған жағдайда бетперде тағу ұсынылады. Бөлмелерді жиі желдетіп, тұрақты түрде ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізу де індеттің алдын алуға септігін тигізеді.

Соңғы жаңалықтар