ҰҚК бейнебақылаудың жаңа тәртібін бекітті: бейнежазбаларға кімдер қол жеткізе алады?

Абдрахманов Мағжан
05 қараша 2026, 15:24
ҰҚК бейнебақылаудың жаңа тәртібін бекітті: бейнежазбаларға кімдер қол жеткізе алады? Сурет авторы: ашық дереккөзден

Қазақстанда 2027 жылғы 3 қаңтардан бастап Ұлттық бейнебақылау жүйесінің жаңа жұмыс тәртібі күшіне енеді. Бейнежазбалар 30 күн, ал қоғамдық тәртіп бұзылғанын көрсететін оқиғалар туралы мәліметтер 12 ай сақталады, деп хабарлады Kazinform.

Жаңа ережелер Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2026 жылғы 28 қазандағы бұйрығымен бекітілді. Құжатта бейнекамераларды ортақ жүйеге қосу, жазбаларды сақтау, адамдарды бейне арқылы анықтау және мемлекеттік органдарға мәлімет беру тәртібі белгіленген.

Бейнекамералар ортақ жүйеге қалай қосылады?

Ұлттық бейнебақылау жүйесі бейнежазбаларды жинауға, өңдеуге және сақтауға арналған. Оны ұлттық қауіпсіздік органдары үйлестіреді.

Жүйеге құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар, Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдар қол жеткізе алады.

Бейнекамераларды қосу міндетті болып белгіленген нысандар бекітілген кесте бойынша ортақ жүйеге енгізіледі. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық орындардың, адамдар көп жиналатын және еркін кіріп-шығуға болатын нысандардың бейнебақылау жүйелері бар.

Камераларды қосу туралы хабарлама алған нысан иелеріне техникалық талаптарды орындау үшін алты айға дейін уақыт беріледі.

Одан кейін жүйе операторы бейнебақылау жабдықтарының ұлттық талаптарға сәйкестігін 10 күн ішінде тексереді. Тексеруден өткен камералар ортақ жүйеге қосылады.

Ережеде бейнебақылау жүйелерін ерікті түрде қосу мүмкіндігі де қарастырылған.

Адамдарды бейнекамера арқылы тануға бола ма?

Жаңа тәртіп бейнежазбаларды автоматты түрде талдау технологияларын қолдануға мүмкіндік береді.

Алайда адамдарды осы технология арқылы анықтауға тек Ұлттық бейнебақылау жүйесінің арнайы алаңында және ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ғана рұқсат етіледі.

Жиналған мәліметтерді өзге мақсатта пайдалануға болмайды.

Мемлекеттік органдар бейнежазбаларды қалай алады?

Бейнебақылау жүйесіндегі мәліметтерді алу үшін мемлекеттік орган заңда көзделген негіздер бойынша ресми сұрау салуға тиіс.

Жүйені үйлестіруші орган 10 жұмыс күні ішінде сұраудың заңдылығын тексереді. Егер мәлімет беруге құқықтық негіз болса, сұрау жүйе операторына жолданады.

Ал заңды негіз табылмаса, мемлекеттік органға бас тарту себебі түсіндірілген жауап беріледі.

Жүйе операторы бейнежазбалардың сақталуына, жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеуіне және ақпараттық қауіпсіздікке жауап береді.

Жаңа ережелер 2027 жылғы 3 қаңтарда күшіне енеді.

Соңғы жаңалықтар