Көлік арзандауы мүмкін: министр себебін түсіндірді

Абдрахманов Мағжан
04 қараша 2026, 14:27
Көлік арзандауы мүмкін: министр себебін түсіндірді Сурет авторы: kapital.kz

Қазақстанда жыл соңына қарай отандық автокөліктердің бағасы тағы төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, соңғы бірнеше айда Қазақстанда шығарылған автокөліктердің бағасы шамамен 11 пайызға арзандаған. Бұған қоса, көлік сатушылар түрлі жеңілдіктер ұсынып жатыр.

«Жалпы, Қазақстанда шығарылған көліктердің бағасы төмендеп келеді. Менің білуімше, соңғы айларда шамамен 11 пайызға арзандады. Оның үстіне түрлі жеңілдіктер де бар. Бағаның төмендеу үрдісін байқап отырмын», – деді министр.

Нағаспаевтың пікірінше, қараша және желтоқсан айларында көлік бағасы тағы төмендеуі мүмкін. Себебі жыл аяқталған сайын биыл шығарылған үлгілерге сұраныс азайып, сатып алушылар келесі жылғы көліктерді күте бастайды.

«Жыл соңына жақындаған сайын биыл шығарылған көлік үлгілері ескіре түседі. Адамдар 2027 жылғы көліктерді сатып алуға тырысады. Қазір қараша, желтоқсанда жеңілдіктер болатыны түсінікті. Меніңше, баға төмендейді», – деді ол.

Министр Қазақстанда автокөлік өндірісі жыл сайын артып келе жатқанын да айтты. 2025 жылы елде 171 мың автокөлік шығарылса, 2026 жылы өндіріс көлемін 191 мыңға жеткізу жоспарланған.

Әзірге бағаның нақты қаншаға төмендейтіні және жеңілдіктердің қандай көлік үлгілеріне қатысты болатыны айтылған жоқ.

Соңғы жаңалықтар