Қазақстанда тағы бір сала мамандарының табысы артуы мүмкін

Абдрахманов Мағжан
04 қараша 2026, 11:22
Қазақстанда тағы бір сала мамандарының табысы артуы мүмкін Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда ветеринария мамандарына қосымша ақы мен жаңа әлеуметтік кепілдіктер беру ұсынылды. Бұл өзгерістер Мәжіліс депутаттары әзірлеген ветеринария саласына қатысты заң жобасында көзделген.

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың баяндамасына сәйкес, ветеринария мамандарына жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кезінде кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу ұсынылады.

Сондай-ақ ғылыми дәрежесі бар мамандарға қосымша ақы қарастырылған. Ғылым кандидаттарына ай сайын 17 айлық есептік көрсеткіш, ал ғылым докторларына негізгі жұмыс орны бойынша 34 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде үстеме ақы төлеу көзделген. Бұдан бөлек, мамандар арнайы киіммен қамтамасыз етілмек.

Заң жобасында ветеринарлардың құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғайтын Ветеринариялық палата құру да ұсынылған.

Құжатта ауылдық жерлерде ветеринария мамандарының жетіспеуі, жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге түсетін жүктеменің артуы саланың өзекті мәселелері ретінде көрсетілген. Ұсынылған өзгерістер осы түйткілдерді шешуге бағытталған.

Заң жобасын іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Әзірге бұл өзгерістер заң жобасы деңгейінде. Олардың күшіне енуі құжаттың қабылдануына байланысты.

Соңғы жаңалықтар