Қазақстанда биыл қыс қандай болады: синоптиктер болжам жасады

Абдрахманов Мағжан
02 қараша 2026, 10:49
Қазақстанда биыл қыс қандай болады: синоптиктер болжам жасады Сурет авторы: pexels

Қазақстанда алдағы қыс әдеттегіден жылы болуы мүмкін, алайда кей өңірлерде жауын-шашын мөлшері климаттық қалыптан асады. Қазгидромет 2026-2027 жылдардың қыс мезгіліне арналған маусымдық болжамын жариялады.

Синоптиктердің мәліметінше, қыста елдің солтүстік-батысы, солтүстігі, солтүстік-шығысы мен орталығының жекелеген аудандарында қар қалыптан көп түсуі мүмкін. Кей жерлерде боран соғып, жел күшейеді, көктайғақ пен тұман болуы ықтимал. Температураның құбылуына байланысты қар бетінде мұз қатуы да мүмкін.

Желтоқсан

Желтоқсанда Қазақстанның барлық аумағында орташа ауа температурасы климаттық қалыптан 2 градус жоғары болады деп болжанып отыр.

Елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады. Солтүстік Қазақстан облысында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Қостанай мен Ақмола облыстарының солтүстік жартысында, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының солтүстігінде, сондай-ақ Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жауын-шашын қалыптан көп түсуі мүмкін.

Қызылорда облысының оңтүстігінде, керісінше, жауын-шашын қалыптан аз болады.

Қаңтар

Қаңтарда елдің басым бөлігінде ауа температурасы қалыптан 1-2 градус жоғары болады.

Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батысында температура климаттық қалып шамасында болады.

Жауын-шашын ел аумағының басым бөлігінде қалыпты мөлшерде түседі. Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау облысының батысында және Маңғыстау облысында жауын-шашын қалыптан көп болуы ықтимал.

Ал Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында, Қарағанды мен Абай облыстарының қиыр оңтүстігінде, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының солтүстік бөлігінде жауын-шашын қалыптан аз болады.

Ақпан

Қыстың соңғы айында елдің басым бөлігінде температура климаттық қалыптан 1-3 градус жоғары болады деп болжанып отыр.

Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Абай облысының солтүстік-шығысында, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігінде температура қалыпты деңгейде болады.

Ақпанда елдің басым бөлігінде жауын-шашын қалыптан көп түсуі мүмкін. Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстарында және бірқатар батыс пен орталық өңірде оның мөлшері қалып шамасында болады.

Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын қалыптан аз болады.

Қазгидромет бұл маусымдық болжамның кеңес сипатында екенін ескертеді. Қыс бойы ауа райы құбылып, аязды күндер жылымықпен алмасуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар