Неге жалақы тек учаскелік дәрігерлерге өседі: Әлназарова түсіндірді

Абдрахманов Мағжан
03 қараша 2026, 14:57
Неге жалақы тек учаскелік дәрігерлерге өседі: Әлназарова түсіндірді Сурет авторы: kursiv.media

Қазақстанда учаскелік дәрігерлер мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарына қосымша ақы төлеу кадр тапшылығын азайтып, мамандарды жұмыс орнында ұстап қалу үшін енгізіледі. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкіметтегі баспасөз мәслихатында неге жаңа үстемақы барлық медицина қызметкеріне бірдей берілмейтінін түсіндірді.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көтерілген. 2020 жылдан бері мамандардың басым бөлігінің еңбекақысы 2,5 есе өскен.

2025 жылдан бастап министрлік маман тапшылығы, кадр тұрақтамауы және жұмыс кезіндегі психологиялық әрі дене жүктемесін ескере отырып, жекелеген мамандарға берілетін үстемақыны кезең-кезеңімен арттыра бастаған. Соның ішінде жедел жәрдем қызметкерлеріне қосымша ақы көбейтілді. Сондай-ақ жыл басынан бері инфекциялық қызметтегі 24 мыңнан астам медицина қызметкерінің ерекше жағдайда жұмыс істегені үшін алатын үстемақысы артқан.

Келесі кезеңде алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарына басымдық берілмек. Әлназарованың сөзінше, қазір бұл салада маман тапшылығы бар. Бір жыл ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы қызметкерлердің ауысу көрсеткіші 50%-ға дейін жетеді.

Учаскелік дәрігерлер мен мейіргерлерге түсетін жұмыс көлемі де жоғары. Олар емханадағы қабылдаумен қатар, үйлерге барып қызмет көрсетеді және өздеріне бекітілген аумақтағы тұрғындардың денсаулығына жауап береді.

«Біз қазір алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы енгізіп жатырмыз. Өйткені кадрлардың кетуін тоқтатып, мамандықтың тартымдылығын арттыруымыз керек. Бұл мәселені осындай тетіктер арқылы шешуді жоспарлап отырмыз», – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр стационарларда бірқатар қосымша төлем бұрыннан бар екенін айтты. Ал жаңа төлем әлеуметтік қызметкерлер мен патронаж мейіргерлерін де қамтиды. Бұған дейін олар мұндай үстемақы алмаған.

Әлназарованың айтуынша, жаңа үстемақылар бұрыннан бар төлемдердің орнын баспауы керек. Алдымен қызметкердің лауазымдық жалақысы есептеліп, содан кейін еңбек өтілі мен біліктілігіне байланысты тиісті үстемақылар қосылады.

«Бүгінде дәрігерлердің орташа жалақысы экономикадағы орташа жалақымен тең. Біздің міндетіміз – оны кезең-кезеңімен экономикадағы орташа деңгейден жоғары көтеру», – деді министр.

Жоспар бойынша 1 қаңтардан бастап учаскелік қызметтегі 77 мың қызметкерге қосымша төлем енгізу көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар