Павлодарда екі оқушы қызға жыныстық зорлық жасады деген күдіктілер қамауға алынды

Абдрахманов Мағжан
05 қараша 2026, 09:54
Павлодарда екі оқушы қызға жыныстық зорлық жасады деген күдіктілер қамауға алынды Сурет авторы: ашық дереккөзден

Павлодарда екі кәмелетке толмаған оқушы қызға жыныстық зорлық жасалуы мүмкін деген дерек бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Оқиға туралы мәлімет қаладағы мектептердің бірінде белгілі болған. Павлодар облыстық білім басқармасының хабарлауынша, мектеп психологы оқушылармен жеке әңгімелесу барысында оларға қатысты заңға қайшы әрекеттер жасалуы мүмкін екенін анықтаған.

Осыдан кейін мектеп әкімшілігі оқушы қыздардың заңды өкілдеріне хабар беріп, жиналған мәліметтерді құқық қорғау органдарына жолдаған. Балаларға психологиялық және педагогикалық көмек ұйымдастырылған.

«Мектеп әкімшілігі қолданыстағы заңнамаға және белгіленген тәртіпке сәйкес қажетті шараларды қабылдады. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне хабар берілді, ақпарат құқық қорғау органдарына жеткізілді. Оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау ұйымдастырылды», – деп мәлімдеді облыстық білім басқармасы.

Павлодар облыстық полиция департаменті оқиға туралы хабар мектептен түскенін растады.

«Полиция екі қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – деп хабарлады полиция.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтерді жарияламайтынын мәлімдеді.

Оқушы қыздардың жеке басына қатысты ақпарат олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында жария етілмейді.

Соңғы жаңалықтар