Қазақстанда заңсыз казино ұйымдастырған Ресей мен Украина азаматтары іздестіріліп жатыр

Абдрахманов Мағжан
04 қараша 2026, 09:56
Қазақстанда заңсыз казино ұйымдастырған Ресей мен Украина азаматтары іздестіріліп жатыр Сурет авторы: ҚМА

Қазақстанда Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікпен Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Украина азаматшасы Марина Ильинаға іздеу жарияланды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Агенттіктің мәліметінше, 1985 жылы туған Дмитрий Пунин мен 1989 жылы туған Марина Ильинаға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген. Тергеу дерегіне сәйкес, заңсыз ойын қызметіне байланысты қаржы операцияларының көлемі 106 млрд теңгеден асқан.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер Қазақстандағы ойыншыларға қызмет көрсету үшін бірнеше елдегі компаниялар, төлем ұйымдары мен банк құралдары арқылы жұмыс істейтін жүйе құрған. Оның Қазақстандағы бір бөлігі PIN-UP.KZ атауымен бәс тігу қызметін жүргізуге рұқсаты болған «Бонами» ЖШС арқылы жұмыс істеген.

Агенттік заңды бәс тігу қызметі интернет-казиноның заңсыз жұмысын жасыру үшін пайдаланылған деп есептейді.

Ақша қабылдау және аудару үшін сатып алынған төлем ұйымдары, құжат жүзіндегі басшылар мен банк терминалдары қолданылған. Тергеу дерегінше, бұл жүйені іске қосуға қаржы саласының өкілдері де көмектескен.

Нәтижесінде түрлі банктер мен қаржы ұйымдарында 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылған. Оның 14-і ақша қабылдауға пайдаланылған.

Қаржылық мониторинг агенттігі іздеудегі адамдардың қайда жүргенін білетін азаматтарды +7 7172 70 84 78 нөміріне хабарласуға шақырды.

Қазір тергеу жүріп жатыр. Күдіктілердің кінәсі сот үкімімен анықталған жоқ.

Соңғы жаңалықтар