Маңғыстаудағы әскерилердің қазасы: 300-ден астам адамнан жауап алынды

Редакция
05 қараша 2026, 14:28
Маңғыстаудағы әскерилердің қазасы: 300-ден астам адамнан жауап алынды Сурет авторы: Қорғаныс министрлігі

Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары соңғы кезеңге өтті. Аталған іс бойынша тергеу амалдарын Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатқан болып, істің барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында тұр.

Төтенше оқиғаның барлық мән-жайын, себептері мен салдарларын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау мақсатында ауқымды тергеу әрекеттері жүзеге асырылды. Қазіргі уақытқа дейін куәгерлер мен оқиғаға қатысы бар 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот-медициналық, техникалық және өзге де арнайы сараптамалар мен зерттеулер тағайындалып, жүргізілді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу белгілері бойынша күдікті ретінде 8 лауазымды тұлға анықталды. Сот санкциясына сәйкес, олардың барлығына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қамауға алынғандардың қатарында:

  • Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы;

  • Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары;

  • Жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары;

  • Екі әскери бөлімнің командирлері;

  • Теңіз жаяу әскері батальонының командирі;

  • Теңіз жаяу әскері ротасының командирі;

  • Әскери катер капитаны.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды.

Жуырда барлық процестік тергеу әрекеттерін толық аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру кезеңін бастау жоспарланған. Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен тиісті процестік шешім қабылданады.

Соңғы жаңалықтар