Дәрі орнына есірткі: Фармкомпания басшылары күдікке ілінді

Абдрахманов Мағжан
04 қараша 2026, 10:52
Дәрі орнына есірткі: Фармкомпания басшылары күдікке ілінді Сурет авторы: видеодан кадр

Қазақстанда есірткі және күшті әсер ететін психотроптық дәрілерді заңсыз таратты деген күдікпен 21 адам ұсталды. Олардың арасында дәрі-дәрмек компанияларының иелері мен қызметкерлері де бар, деп хабарлады Polisia.kz.

Министрліктің мәліметінше, қазан айында бірнеше өңірде есірткі мен психотроптық дәрілерді заңсыз жеткізу және сату жолдарын анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізілген.

Көкшетау, Щучинск және Бурабай курорттық аймағында дәрілік заттарды жеткізу мен таратуды ұйымдастырды деген күдікпен 11 адам ұсталды. Олардың арасында дәрі-дәрмек компанияларының иелері, қызметкерлері, жеткізушілер және басқа да адамдар бар.

Тінту кезінде 50 мыңнан астам «Тропикамид» құтысы және осыған ұқсас тағы 4 мыңға жуық дәрілік зат тәркіленді. Сондай-ақ атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және шетел валютасындағы ақшаны қоса алғанда, ірі көлемде қаражат алынған.

Қарағанды мен Теміртауда тағы 10 адам ұсталды. ІІМ мәліметінше, олардың арасында жергілікті қылмыстық орта өкілдері де бар. Тергеу бұл адамдардың Қарағанды облысында күшті әсер ететін психотроптық дәрілерді сатуға қатысы болуы мүмкін екенін анықтаған.

Тінту барысында психобелсенді заттар, жарақат салуға арналған қару және суық қару тәркіленді.

Қазір аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ұсталған адамдардың кінәсі сотта дәлелденген жоқ.

Соңғы жаңалықтар